Қайым Мұхамедханұлы (Ғабдулқайым) (, Семей, Ресей империясы — , Семей, Шығыс Қазақстан облысы, Қазақстан) — ғалым, абайтанушы, қоғам қайраткері, жазушы, ақын, драматург, аудармашы, педагог. 1940 жылдан бастап КСРО Жазушылар одағының мүшесі. Семей қаласындағы Абай мұражайының негізін қалаушы (1940). Қазақ КСР-і Мемлекеттік Әнұраны мәтінінің авторы.

Өмірбаяны Қайым Мұхамедханов (5 қаңтар 1916 жыл – 30 маусым 2004 жыл) – ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері (1996), Қазақ ССР Әнұранның авторы (1945), Семей қаласында Абайдың мемлекеттік музейін ұйымдастырушы (1940), Абайдың ақындық мектебі мен Қазақстандағы текстология ғылымы, шәкәрімтану және алаштану ғылымдарының негізін қалаған көрнекті ғалым, ақын, жазушы – драматург, аудармашы, ұстаз, қоғам қайраткері, 1000-нан аса ғылыми еңбектің авторы. 1940 жылдан бастап КСРО Жазушылар одағының мүшесі. КСРО және Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, Шығыс Қазақстан облысының Семей, Аягөз қалалары, Жаңасемей және Абай аудандарының Құрметті азаматы. Көптеген мәртебелі атақтар мен марапаттар иегері: Халықаралық Абай академиясының Алтын медалінің иегері (Лондон 1995), Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық Абай сыйлығының бірінші лауреаты (1996), Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының бірінші лауреаты (1996), Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.

Уақ тайпасының Шоға руынан шыққан.

Қайым жас жеткіншек кезінен бастап өлең жазды. 15 жасында кемежайда жүк тасушы, жұмысшы, кадр бөлімі қызметкері, мәдениет қызметкері, мұғалімдік қызметтерді атқарды.

Екі жылдық қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін әзірлеу курсынан кейін Семей пединститутына түсіп, 1941 жылы экстернмен аяқтайды. Қайым 17 жастан бастап Семей қаласының әртүрлі мекемелерінде сабақ бере бастады. Үздік педагог-тәлімгер өмірінің 60 жылдан астамын жастарды тәрбиелеу және білім беру ісіне арнады.

1937 жылы әкесі Мұхамедхан Сейтқұлов тұтқындалғаннан кейін (1937 жылы 2 желтоқсанда ату жазасына кесілді) Қайым педагогикалық институттан қуылады. Сол кезде жасөспірім жігітке әкесінің досы Мұхтар Әуезов моральдық тұрғыда қолдау береді, ол Қайым үшін ғұмыр бойы тәлімгер және ұстаз болып қалды. Ұстаз және шәкірт өмірлерінің соңына дейін алаш ісіне адал болды. Адамдарды жақсы танитын Мұхтар Әуезов Қайымның бойынан ерекше дарын, имандылық пен адалдықты байқайды. Сол себепті Абайдың тұңғыш мұражайын ашуға негіздеме қалауды өзінің шәкірті Қайымға сеніп тапсырды. Қиындыққа толы сапарлар барысында Қайым Абай мұражайы үшін 500 ден аса жәдігерді тауып, сақтады, соның ішінде Абайдың жеке заттары, Абай және оның айналасындағы адамдардың қолжазбалары болды.

Мұхтар Әуезов шәкіртіне ғылымдағы жаңа бағыт бойынша зерттеу жүргізуді сеніп тапсырды, ол – Абай мектебі. Қайым Абайдың 30-дан аса шәкіртінің есімін нақтылады және олардың ғылыми-шығармашылық өмірбаяны туралы деректер жинап, жариялады. Ең бастысы ол Абайды көзі көрген қариялардың айтқандары және табылған жазба үзінділер арқылы ғылыми текстологиялық талдау әдісімен әр шығарманың Абайдың қай шәкіртіне тиесілі екендігін дәлелдеді. Өлшеусіз еңбек! Қайым Абай ізбасарлары қатарына алаш арыстарын енгізді. Ғалымдар

Мұхамедхановтың зерттеушілік еңбегінің ауқымдылығы мен жаңашылдығын бағалай келе, оның 30-дан аса диссертация қорғағанын атайды. Абай шәкірттері мен ізбасарларын мектептер мен жоғарғы оқу орындары оқытады, ал бұл – қазақ әдебиетіндегі бірегей мектеп, ұлт мақтанышы. Бір өкініштісі, ғалым Мұхамедханов осындай жанкешті еңбегі үшін 1951 жылы репрессияға ұшырап, 25 жылға бас бостандығынан айрылғаны туралы ешқайда айтылып, жазылмаған.

Қайым Мұхамедханов ғұмыр бойы Абай сөзінің түпнұсқасын сақтаумен айналысты: Абай өлеңдері мен поэмаларына текстологиялық талдау жүргізіп, әрбір шығармасына ғылыми түсініктеме жазды, ұзақ жылдар бойы бір басылымнан екінші басылымға көшетін жаңсақтықтар мен қателерді жөндеді. Сонымен бірге, ғалым Абайдың белгісіз болып келген 31 шығармасын тауып, олардың Абайдікі екенін дәлелдеді.

1940 жылы қызметін мұражайда аға ғылыми қызметкер болып бастаған Қайым, жоғары оқу орнында сабақ беруін жалғастырды, ал 1947 жылы Мұражай ҚазССР-і Ғылым Академиясы қарамағына өткізілген кезде Академия Президенті Қ. Сәтпаевтың бұйрығымен Мұражай директоры болып тағайындалды. 1945 жылы профессор Е. Исмаилов былай деп жазды: «Мұхамедханов Абайдың өмірі мен шығармашылығына тікелей қатысы бар ерекше құнды қолжазбаларды, мұрағаттық, фольклорлық материалдарды жинақтады».

Ғалым-әдебиетші Л.Перелыгин 1966 жылы: «Не забудем, что Каюм Мухамедханов – организатор Семипалатинского музея Абая. Кто знает, может быть, организация мемориального музея Абая является самым драгоценным, что было сделано за последнюю четверть века в области абаеведения».

Қ. Мұхамедханов 1940 жылдан бастап Абайдың 100 жылдығын әзірлеу жөніндегі мерейтойлық үкімет комитетінің Ғылыми хатшысы кезінде және кейінгі жылдары Абай бейнесін мүсін және бейнелеу өнерінде мәңгілік есте қалдыру, Абайдың Жидебайдағы қыстауын қайта қалпына келтіру, ақын және туған-туысқандарының қорымын жақсарту мәселелерін көтерді. Сол жылдардағы хаттар мен мұрағат құжаттары – соның айғағы.

Ә. Нұршайықов және Р. Нұрғалиевтың айтуынша, Мұхтар Әуезов ең сенімді шәкірті Қайым Мұхамедхановқа көптеген маңызды тапсырмаларды сеніп тапсыратын. «Абай жолы» эпопеясына байланысты көп деректі Мұхаң Қайым Мұхамедханұлынан алды. Сондай-ақ ұстазы шәкіртіне ақын-жыраулар мен батырлар – Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Махамбет, Бұқар жырау т.б. туралы текстерді жаңғыртуды тапсырды.

Кеңес заманының бірегей идеологиясы марксизм-ленинизм мектебі болды. Абай мектебі – бұл абайтану ғылымындағы жаңа бағыт және оны, нақты айтқанда, мәдениеттің бір кезеңін анықтап және сақтап қалған Қайым Мұхамедханов. Абай мектебі – бұлар Абайдан оқыған, кеңесін тыңдаған, Абай арқылы орыс, әлем және шығыс мәдениетімен танысқан бір топ ақын-жыраулар, сазгерлер мен ертегішілер, әншілер. Абай шәкірттері ұлы ойшыл, ақынның гуманистік және мәдени философиялық көзқарасының әсерінде болды. Олар –Ақылбай, Әубәкір, Әріп, Әсет, Баймағамбет, Көкбай, Кәкітай, Мағауия, Мұқа, Тұрағұл, Уәйіс, Шәкәрім тәрізді ізбасарлары. Қайым Мұхамедханов отыздан аса есімді қалпына келтірді, олардың өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер жинап, толық өмірбаяндарын жазды. Ол 1930 жылдардың соңында жоғалуға шақ қалған Абай шәкірттерінің хаттарынан үзінділер мен шығармаларын тауып, сақтады. Ол Абайды көзі көрген қариялардың ақын және оның шәкірттері, олардың шығармалары туралы естеліктерін жазып алды.

Ғылыми текстологиялық талдау әдісімен әр шығарманың Абайдың қай шәкіртіне тиесілі екендігін дәлелдеді. Ақылбайдың «Дағыстан», «Зұлыс», «Хисса Жүсіп», Мағауияның «Медғат-Қасым», «Еңлік-Кебек», Көкбайдың «Сабалақ», «Кенесары-Наурызбай», Әсеттің «Салиха Сәмен» және «Евгений Онегин» аудармасы, Әріптің «Біржан-Сара» және тағы басқа да шәкірттері мен алаш ізбасарларының шығармалары мен аудармалары бар. Қайым Мұхамедханов Абай ізбасарлары қатарына Алаш арыстарын енгізіп, олардың өмірбаяндарын жазды, шығармаларын нақтылап сақтады, араб және латын қарпінен қазіргі жазуға көшіріп, ғылыми түсініктеме берді және оларды алғаш рет баспаға әзірледі.

Ғылым жолындағы қуғын-сүргін.

1951 жылы 7 сәуірде ҚазССР Ғылым Академиясында «Абайдың әдеби мектебі» атты диссертациясын қорғауы еліміздің тарихындағы елеулі оқиғаның бірі болды. Диссертация қорғалды, бірақ ұстаз бен шәкірт – Әуезов пен Мұхамедхановты айыптау тоқтамады. Диссертацияны қорғау кезінде басталған айыптаулар абайтану барысын талқылауда, сондай-ақ 1951 жылы баспасөзде тапсырыс бойынша жазылған мақалалармен жалғасын тапты. Мұның соңы Мұхамедхановты Абай мұражайы директоры және оқытушы қызметінен босатумен аяқталды. Ақыры 1951 жылы 1 желтоқсанда Қ.Мұхамедханов тұтқындалып, соңынан Семей және Алматы қалаларындағы НКВД түрмесіне, Қарағанды лагеріне қамауға алынды. Шектен шыққан азаптаулар – ыстық және суық камера, тырнақ астына ине жүгірту, басқа тамшылатып су тамызып қинау, моральдық қысым және өлім жазасымен қорқыту Қайымның ерік-жігерін сындыра алмады. Ол «Абай мектебі бар», «Өлсем, Алаш азаматтарынан жаным артық емес» деп жауап берді. Өйткені жастайынан Алаш арыстарын, халқымыздың белгілі азаматтарын, М. Әуезовті көріп өскен Қайым әке үйінің құндылықтарына адал болды. Қайым Қарағанды, Теміртау, Долинка, Дарья, Құлайғыр, Қарабас, Шерубай, Просторное, Топар, Тартаул және басқа да Қарағанды лагерьлерінде болып, азап жолынан өтті.

Қ. МҰХАМЕДХАНОВТЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРДІ ӘЗІРЛЕУГЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ.

Қайым Мұхамедханов – Қазақ ССР-і мемлекеттік Гимні мәтінінің авторы (1945). 27 жастағы жас жігіт Қайым Мұхамедханов 1943 жылы Республика Гимнін жазып конкурс жеңімпазы атанды, оның алғашқы жолдары: «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталады. Бұл гимн шамамен 50 жыл бойы айтылғанын ұмытпаған жөн!

Қайым ақын ретінде 1936 жылдан бастап таныла бастады. Ол 300 ден аса өлең мен поэмалар жазды, сондай-ақ Ғ.Тоқай, Т.Шевченко тағы басқа ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Карлагта «Туған ел – алтын бесік», «Балаларыма», «Жұбайым Фархинурға», «Отырдық тар қапаста күнді санап», «Шерубай станциясы» т.б. өлеңдерін жазды. Сонымен бірге Н.Карамзиннің «Сормаңдай Лиза» повесін қазақ поэзиясы тілімен аударды. Түрлі мәдениет өкілдерімен әдеби байланыс. Ғалымның ғылыми ізденістерінің қатарынан Рылеев, Семенов Тян-Шанский, Крачковский, Веселовский, Бартольд, Уәлиханов пен Достоевский, Каюм Насыйри, Ғабдолла Тоқай, Шариф Камал, Берді Кербабаев, Тоқтағұл, Хусаин Фаизханов, Хамза Ниязи, Микаэл Налбандян, Сулейман Стальский, Ильяс Бораганский, Ян Райнис, Лу Синь, Адам Мицкевич, Ежи Юрандет, Тарас Шевченко т.б. орын алды.

Қайым Мұхамедханов Шәкәрімнің ұлы Ахатпен бірге ақынның есімін ақтауда бар күш-жігерін аямады. 1958 жылы Мәскеуден Шәкәрімнің ақталғаны туралы анықтама келгеннен кейін, отыз жыл бойы Шәкәрім шығармашылығын ақтау және есімін тарихта қалдыру үшін күресті. Ол туралы архив құжаттары және сол кезеңдегі хаттар сөйлейді.

Мұхамедханов қазіргі күні де Қазақстандағы жалғыз-дара ғалым-текстолог болып табылады, оның XVIII–XIX ғғ. ақын-жыраулары және ХХ ғ. басындағы ақындар шығармаларының канондық негізін қалыптастыру жолындағы еңбегі аса құнды.

Ғалым бірқатар энциклопедиялар шығаруға қомақты үлес қосты: ҚСЭ-нің (Қазақ Совет энциклопедиясы) 12 томына ғылыми түсініктемелер жазып, тарих, әдебиеттану, өлкетану, театр, қазақ батырлары туралы т.б. мақалалардың қателері мен жаңсақтығын жөндеді. Ғалым «Абай» энциклопедиясы, «Абай елі» т.б. кітаптарды шығаруға елеулі үлес қосып, жанкештілікпен еңбек етті.

Қолжазбаларды жинаушы және сақтаушы Қайым Мұхамедханов 1940 жылдың басында көптеген қолжазбаларды анықтап, өңдеп ҚазССР-і ҒА мұрағатына сақтауға өткізді. Соның ішінде «Әріп», «Қабанбай батыр», «Бөгенбай батыр», Абай, Шәкәрімнің белгісіз өлеңдері, батырлар, Алаш зиялылары туралы материалдар және т.б. мәдени құндылықтар болды. Ол бұл жұмыспен ғұмыр бойы айналысты және Ғылым Академиясы, Мемлекеттік мұрағат, Абай мұражайы, Өлкетану мұражайы, Достоевский мұражайы, Орталық мемлекеттік мұражай қорларын құнды материалдармен толықтырды. Ол әкесі Мұхамедхан Сейтқұлов тәрізді құнды қолжазбаларды, сирек фотосуреттерді жинап сақтады, халықтың есінде қалдыру мақсатында адамдардың аты-жөндерін нақтылап, түсініктемелер берді.

«Майданнан майданға», «Аршын-мал-алан», «Перне», «Ер Білісай» тәрізді пьесалар жазды.

Аудармашы ретінде 1941 жылы жазушы, әзірбайжан драматургы, композитор, СССР халық әртісі У.Гаджибековтың «Аршын-мал-алан» музыка-комедиялық қойылымын алғаш рет қазақ тіліне аударды. Аталмыш комедия алғаш рет Семейдің музыкалық-драмалық театры және Шымкент театрында қойылды, кейіннен Қазақстанның басқа да драма театрларының репертуарына енді. Ол татар тілінен Шариф Камалдың «Қажы әфенді үйленеді» комедиясын, Пушкиннің «Русалка» поэмасын, француз драматургы Пьер Огюстен Бомаршенің «Фигароның үйленуі», Боккачоның «Декамерон», поляк драматургы Ежи Юрандоттың «Уақыт сондай» т.б. пьесаларды қазақ тіліне аударды.