Мұсылман болу Намаз - мұсылман болған ер кісі мен әйелге парыз. Кәпірлерге Намаз парыз емес. Өйткені олар дүние мен ақыретте Ислам үкімдерінің тармақтарына жауапкер емес. Олардың ақыреттегі жазасы күпірліктің қарымы. Балиғат жасына жету Балиғат жасына жетпеген балаға Намаз парыз емес. Өйткені Аллаһ Елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Үш адамға қалам жазылмайды: Айыққанға дейін ақылынан адасқанға, оянғанға дейін ұйқыда жатқанға және балиғат жасына жетпеген балаға»(Бухари, Талақ, ІІ; Тирмизи,Худул, 1).3. Ақыл-есі дұрыс болу: Ақыл - Ислами жауапкершіліктің негізі. Сондықтан Ханбали мазһабынан басқа фақиһтардың көзқарастары бойынша, ақылынан адасқанға Намаз парыз емес. Бұл жайлы хадисті жоғарыда айтып өттік.

Намаздың сыртқы және ішкі парыздары Намаздың парыздары - он екі. Бұлардың алтауы - сыртында, алтауы - ішінде. Әуелі сыртында болғандарға тоқталық. 1. Хадасаттан тазалық. 2. Нәжәсаттан тазалық. 3. Әурет жерін жабу 4. Құбылаға бет бұру. 5. Уақыт. 6. Ниет. Бұлар Намаздың шарттары деп аталады. Қалған алтауы Намаз ішіндегі парыздар: 1. Ифтитах (ашу, бастау) тәкбірі. 2. Қиям (Тұру). 3. Қырағат (оқу). 4. Рүкүғ. 5. Сәжде. 6. Ақырғы отырыс. Сыртқы парыздары: 1. Хадасаттан тазалық (Рухани тазалық) Ғұсылы болмау, дәреті болмау, хайыз немесе нифас жағдайы - «хадас халі» деп аталады. Дәретсіздік - кіші хадас. Жүніп, хайыз, нифас - үлкен хадас. Кіші хадас немесе үлкен хадастан тазалану - жуыну, дәрет алу немесе тәйәммүм алу арқылы іске асады. Құранда Аллаһ былай дейді: «Ей, иман еткендер' Намазға тұрарда жүздеріңді, қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартыңдар және екі тобыққа дейін аяқтарыңды жуыңдар. Егер жүніп болсаңдар, толық тазаланыңдар. Науқастанып қалсаңдар, яки сапарла болсаңдар, не болмаса біреу түзге отырып келсе яки әйелге жақындассаңдар, сонда су таба алмасаңдар, таза жерге тәйәммүм соғыңдар, онымен беті-қолдарыңды сипаңдар. Аллаһ сендерге салмақ түсірулі қаламайды. Бірақ сендерді тазартуды сондай-ақ, шү-кіршілік етулерің үшін сендерге Ныгмет, ырыс-берекесін толықтыруды қалайды»(«Майда», 6-аят). Хадисте: «Дәреттерің бұзылған кезде, қайта дәрет алмай, Аллаһ намаздарыңды қабыл етпейді», - деп ескертеді. Басқа бір хадисте: «Аллаһ тазаланбай оқыған ешқандай намазды қабыл етпейді» - делінеді. 2. Нәжәсаттан тазалану (Заттық тазалық) Намаздан бұрын дене мен киімде немесе Намаз оқылатын жерде болған ластықтың тазалануы қажет. Бұл Намаздың іске асуы үшін шарт. Намазға кедергі жасайтын нәжісаттар: ауыр нәжіс және жеңіл нәжіс болып екіге бөлінеді. Ауыр саналғандар: егер қатты болса, төрт грамм салмағында, сұйық болса, алақан аясынан астам жерді қамтыған мөлшер киімде, денеде немесе Намаз оқитын жерде болса, Намазға кедергі жасайды. Жеңілге келсек, бұл дененің яки киімнің төрттен бірінен аз мөлшері Намазға кедергі жасамайды. 3. Әуретін жабу Әурет - шариғат терминінде қарауы харам, жабылуы парыз ұятты мүшелер. Бұл мүшелердің Намазда немесе Намаздан тыс жерлерде жабылуы - парыз. Ерлердің әурет жерлері: кіндігінен тізелерінің астына дейінгі жерлері. Бұған Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадисі дәлел: «Еркектің әурет жері - кіндігі мен тізесінің арасы», «Кіндіктің асты - тізеден түскенге дейінгі жерлер». Әйел үшін әурет - жүз, қол, аяқтан басқа барлық дене. Хазірет Пайғамбар (с.а.у.) былай дейді: «Әсма Әйел балиғат жасына жеткен кезде оның мына мүшелерінен басқа жерлерінің көрінуі дұрыс болмайды. Аллаһ Елшісі (с.а.у.) осы сөздерді айтқан кезде қолдары мен жүзіне ишарат еткен еді» (Өбу Дауд, Либас, 31). Хазіреті Айшадан бізге жеткен бір хадисте: «Аллаһ балиғат жасына жеткен әйел затының (с.а.у.) намазын орамасыз қабыл етпейді» - деп айтылып, шашты жабу керектігін меңзейді (ибн мажа, Таһарат, 132). Намазда бір мүшенің төрттен бірі еріксіз ашылып, «сұбхан Аллаһил-а'зим» дейтіндей уақыт тұрса, Намаз бүзылады. Ал егер өз еркімен ашса, сол сәтте бұзылады. 4. Құбылаға бет бұру Намазды құбылаға қарап оқу шарт. Мұсылмандардың құбыласы - Меккедегі Қағба. Қағба тек қана салынған ғимарат емес, сонымен қатар сол ғимараттың орналасқан жері. Мұсылмандар Мединеге көшпес бұрын құбыла Қудустағы Ақса Мешіті еді. Мединеге кешкен соң: «Жүзіңді Харам Мешіті жаққа бұр» (Бақара, 2/144) аяты арқылы құбыла Меккедегі Қағбаға бұрылды. Қағбаны көрген адам жүзін тура сол Қағбаға қаратып оқиды. Егер одан алыс болса, тікелей Қағбаға емес, соның бағытына қарай жүзін бұрады. Намаздың мақсаты - жүректен Аллаһ Тағалаға берілу. Әлбетте, Аллаһ өлшем, бағыттан пәк. Бірақ жүректің көңілі жай болып, Намазда күллі мұсылманның жүзін бұратын бір жер қажет. Сырттай жүзімізді Аллаһтың үйі - Қағбаға бұрғанымыздай, іштей де Аллаһ назар салатын жүрегіміз бен көңілімізді барлық нәрселерден сілкіп тастап, тазалап, тек Аллаһқа бет бұруымыз керек. Қағбаның қай тарапта болғанын білмеген адам құбыланы білетін адамдардан сұрайды. Мүмкіндік болмаған жағдайда, құбыланы өз иштиһадымен табуы ләзім. Яғни, осы тұста болуы тиіс деп, айға, жұлдызға, т.б. қарап, Намазын жобалаған жағына қарай оқуы тиіс. Бірақ Намазын бітірген соң оқыған жағы құбыла болмай шықса, Намазын қайта оқудың қажеті жоқ. Құбыла жайлыкүмән мейлі дала, мейлі қала, мейлі күндіз, мейлі түнде болсын бәрібір. Мұндай адамға біреудің есігін қағып, құбыланы сұрап жатудың қажеті жоқ. Құбыла жайлы күмәнданған кісі жанында адам бола тұрып, одан сұрамай өз көзқарасымен бір тарапқа қарай оқыса, сол оқыған жағы құбыла болып шықса, Намазын қайта оқу тиіс емес. Бұрыс шықса, қайта оқуына тура келеді. Көздері көрмейтін адам да осы секілді. Құбыла жайлы жөн білетін сенімді кісінің сөзіне қанағаттанбаса да, оған сену қажет. Себебі хабар - зерттеуден әлдеқайда басым тұрады. Құбыла жайлы әртүрлі пікірдегі адамдар әрқайсысы білетін жағына қарай оқиды. Олар бір-біріне имам бола алмайды. Жабир ибн Абдуллаһ айтады: Бірде Аллаһ Елшісі бір топ адамды бір жаққа жіберді. Түнде аспан бұлт болған соң ешкім құбыланы біле алмады. Осыдан барып әркім өз білген жағына қарай намаз оқыды. Біз мұны Аллаһ Елшісіне жеткіздік. Ләм-мим демеді. Бірақ, көп өтпей-ақ мына аят түсті: «Шығыс та, батыс та Аллаһтікі. Сондықтан жүздеріңді қай жаққа қаратсаңдар, Аллаһтың жүзі сол жақта». Кеме немесе пойыз, ұшақтағы адам шамасы келіп, мүмкіндігі болып тұрса, құбылаға қарап оқиды. Егер кеме бұрылса, ол да құбыла жаққа қарай бұрылуы қажет. Бұрылу мүмкіндігі болмаса, алғаш тұрған жағына қарай оқиды. Егер тікелей құбылаға қарай окитын мүмкіндік тумаса, құбылаға ең жақын бағытқа қарай оқиды. Құбылаға бұрыла алмаған науқас адамның да жағдайы осындай. Өйткені уазипалар күштің шамасына қарай шектеулі. Мініс атта, автомобиль мен автобуста нәпіл Намазы оқылғанымен, парыз Намаздарын уақыттары өтпей басқа жерде оқуға мүмкіндік бар жағдайда, аталмыш жерлерде оқуға болмайды. Өйткені Намаздың парыздарынан болған қиям мен құбыла орындалмайды. Бірақ жері лайсаң, Намаз оқуға лайықсыз жерлерде ат, көліктерін тоқтатыл соның үстінде құбылаға бет бұрып, оқи алады. Ханафи мазһабында, екі Намазды біріктіріл қосып оқу, тек қажылық мезгілінде, Арафат пен Муздәлифәда ғана рұқсат етілген. Бұдан тыс жолаушылық секілді себептерге байланысты қосып оқи алмайды. Бірақ басқа мазһабтарда жолаушылықта екі Намады қосып оқу бар. Сол себепті жолаушылық ханафи адам шафиғи мазһабы бойынша, ниет етіп, зәру жағдайларда, екі Намазды қосып оқуына болады. Құбыла жақтан 45 шамадан (градус) артық оңға немесе солға бұрылу - құбыланың шартын бұзады. Намазда себепсіз көкірегін құбыладан бұру Намазды бұзады. Егер тек жүзін бұрса, дереу құбылаға бұру керек. Мұндай жағдайда, Намазы бұзылмайды. Бірақ харамға жақын мәкрүһ жасайды. 5. Уақыт Намаз - күннің арнайы белгілі уақыттарында іске асатын парыз. Парыз Намаздарға уақыт шарт. Парыз сүннеттері, тарауих және айт Намаздары үшін де уақыт шарт. Уақыты кірмейінше, парыз Намазын оқу іске аспайтыны сияқты, уақыты шыққан соң оқылған Намазда қаза деп есептеледі. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Намаз Мұсылмандарға арнайы белгіленген уақыттарда парыз етілді», - дейді. Бір Намаздың ешқандай себепсіз белгіленген уақытынан кейін қаза етіп оқылуы - дұрыс емес және өте үлкен күнә. Бірақ бір адам ұмыту немесе ұйыктап қалу себептерімен Намазын оқи алмаса, қазасын өтеуі қажет. Кейбір ғалымдар себепсіз Намазын қаза еткендер кейіннен қазасын өтерде алдымен тәубе ету керектігін айтады. Қаза Намазға бес уақыт парыз Намаз бен үтір Намазы кірелі. Жұма мен айт, сүннет Намаздары үшін қаза қажет емес. Жұманы оқи алмаған кісі сол күннің бесін Намазын оқиды. 6. Ниет Ниет ету - Намаздың шарттарының бірі. Ниет - Намазға кіруді қалау. Адам қандай Намазға кіргісі келсе, сол Намазды жүрекпен білуі шарт. Адам Намазға кірерде қай Намаз екеніне күмәнданса, Намазы дұрыс болмайды. Қайта ниет ету қажет. Ниет - жасамақ іске жүрекпен иілу. Мұны тілмен айту шарт емес. Мүштәһид имамдардың бұл жайлы иттифақтары (ауызбірлігі) бар. Ниет - ғибадатты жәй істерден бөлек етіп көрсету. Ниет өте маңызды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Іс-әрекеттер тек ниетке байланысты», - дейді (Бухари, Вәду'л-уахи, 1). Сондықтан рияшылдықпен жасалған ғибадат - Аллаһ үшін емес, адамдар үшін жасалған нәрсе. Оған сауап жазылмауы былай тұрсын, күнәсін алады. Демек ниеттің орны - жүрек. Тілмен айту - көбірек айтылған көзқарас бойынша, мұстахап. Сол себепті жүрекпен ниет етумен қоса, «Мына уақыттың намазына ниететтім» деп тілмен айту абзал. Айтылмаса оқасы жоқ. Парыз бен уәжіп Намаздарға арнайы тағайындап білдіретін ниеттің болуы қажет. Парыздың қаза намаздары да солай. Бірақ нәпіл Намаздарға жеке атын атап ниет етумен қатар, жалпы ниет те жетіп жатыр. Бір адам жамағатпен Намаз оқылып жатқан бір топқа үлгерсе, бірақ бұл Намаздың парыз немесе тарауих екенін біле алмаса, парызға ниет етеді. Жамағат ниет еткеніндей парыз Намазын оқыса, Намазы дұрыс. Егер тарауих болып шықса, оқыған намазы «нәпіл Намаз» деп саналады. Тарауих Нын құптан Намазынан бұрын оқуға болмайтындықтан, оқығаны тарауих Намазы болып есептелмей, тек қана нәпіл Намаз түрінде қалады. Жамағатпен Намаз оқылғанда имамға ұюға ниет ету қажет. Бірақ имамның имамдыққа ниет етуі шарт емес. Ал, жамағатқа әйелдер де қатысса, олардың Намазы дұрыс болу үшін, имам кісі оларға имам болуды ниет етуі керек. Ниеттің ифтитах (бастау, ашу) тәкбіріне жақын болуы - абзал. Бірақ тәкбірден кейін ниет етсе дұрыс болмайды. Ішкі парыздары Ифтитах (бастау, ашу) тәкбірі Ифтитах - бастау, жабық нәрсені ашу, ену деген мағынаға саяды әрі «тахрим тәкбірі» депте аталады. Ифтитах тәкбірі - Намазға бастарда алынатын тәкбір. Яғни, тіке тұрып, «Аллаһу әкбар» сөзін айтып, құлақ қағу. Аяқта тұра алмаған кісі отырып тәкбір айта алады. Имамның жамағат естуі үшін тәкбірді жариялан ашуы - мұстахап. Бұл жайлы аят:«Раббыңды ұлықта», Хадис: «Намаздың кілті - тазалық, тахримасы - тәкбір» (Тирмизи, Мауақит, 62),дейді. Басқа бір хадисте: «Дәретті толық алып, содан кейін құбылаға қарап, «Аллаһу әкбар» демейінше, Аллаһ ол пенденің намазын қабыл етпейді»- делінген (Әбу Дауд, Салат, 144). Имамға ұйыған адамның тәкбірі түгелдей тік тұрған уақытта алынуы қажет. Сол себепті «Аллаһу» сөзін тік тұрып айтып,«акбар» сөзін рүкүғде айтса, ол адамның имамға ұюы дұрыс емес. Тәкбір ниеттен кейін алынып, имамның тәкбірінен кейін алынуы қажет.