Үй кәсіпшілігі — қазақ коғамындағы өндірістің бір түрі. Үй кәсіпшілігінің негізгі қызметі шаруашылықты қажетті құрал-жабдықтармен, тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз ету. Қазақ қоғамының шаруашылығы мен кәсіпшілігі, негізінен, табиғи болды. Яғни, шаруашылықтан алынатын өнім де, кәсіпшілік арқылы өндірілетін құрал-сайман, тұрмыс жабдығы, қолөнер туындылары да, негізінен, қауымның өз қажеті үшін шығарылды. Сондықтан да Қазақстан Ресей құрамында капиталистік қарым-қатынасқа, тауарлы өндіріс жүйесіне кіргенге дейін қазақ қауымының шаруашылығы табиғи болды, ал кәсіпшілігі үлкен өндірістік, тауарлық мақсатқа құрылмай, негізінен, ауыл-үй, қауымдастықтар сұранысын өтеуге бағытталды. Кәсіпшіліктің бұл деңгейдегі түрі үй кәсіпшігі деп аталды. Қазақ ұсталарының, зергерлерінің қолынан шыққан заттар ешбір елдің өндірістік деңгейде ұйымдастырылған қолөнер заттарынан кем болмаған. Көшпелі тұрмысқа ыңғайланып жасалған түркі-моңғол халықтарының, қазақтың киіз үйі өзінің сәулеттік, құрылымдық, ішкі-сыртқы жабдықтары жағынан адамзат баласы ақыл-ойының, өнерінің ең бір шырқау шегі болып табылады.

Жүннен жасалатын бұйымдар Малдың жүні қазақ тұрмысында кеңінен қолданылды. Оның ішінде қой және түйе жүндері ерекше орын алды.

Киіз басу. Киіз басуға қойдың күзде кырқып алынған күзем жүнін пайдаланған. Алдымен, киізге арналған жүнді тазалайды. Ол үшін жүнді тулаққа салып, сабау ағашпен тулақтың жан-жағынан отырып алып сабаған. Сонда жүн шаң-тозаңнан, шөп-шаламнан арылады және ұйысы жазылады. Тулақ дегеніміз - сиырдың иленбеген, керіп кептірген қатты терісі. Ал сабауды бұтақсыз түзу талдан, жыңғылдан, тобылғыдан жасаған. Жүн сабау, әдетте, ойын-сауықпен өтеді. Жүн сабалып болған соң «тулақ шашу» деген ырым жасалады. Қазақта оюлы киізді текемет, сырмақ деп екіге бөледі. Текеметтің жай киізден айырмашылығы бір түсті (ақ немесе қара) жүнді шиге төсеген соң бетіне бояған жүннен ою салады. Қазақ киізді үйдің жабулары үшін, жерге салу үшін, тұсқа ілу үшін жасаған. Тұсқа ілінетін өрнектеліп жұқалау қылып жасалған киізді тұс киіз деп атаған. Киізден бұдан басқа да тұрмыстық заттар киіз кебенек, киіз қалпақ, байпақ, кесеқап, шәйнекқап, кірқап, сандыққап, жер жастық, асмалдық (түйенің жабуы), тоқым, жабу, т.б. істеген.

Кілем тоқу. Қазақ әйелдерінің қолөнерінің бір түрі - кілем тоқу. Кілемнің екі түрі - түкті кілем және тақыр кілем болады. Түкті кілем көбінесе оңтүстік аймақтарда таралса, солтүстік өңір, негізінен, тақыр кілем тоқыған.

Ши, өрмек тоқу. Қазақта ерте заманнан-ак ши тоқу өнері қалыптасқан. Шиді кереге сыртына тұту үшін, үйдің аяқ-табақ, саба тұратын бөлігін қоршап кою үшін, киіз үйдің есігіне ұстау үшін және төсеніш ретінде киіздің астына да төсеген, киіз басу үшін де, құрт жаю үшін де пайдаланған. Тұтылатын шиге боялған жүн орап, өрнектеп безендірген. Мұны «шым ши» деп атаған. Қазақтың үй кәсіпшілігінде өрмек тоқу кең таралған. Өрмек арқылы бау-басқұрлар, алаша токылады. Арқан, жіп, баулар, негізінен, түтіп, шүйкелеп, есіп, бұрау арқылы, кейде жіптен өру, тоқу тәсілдерімен жасалады. Бұл заттарға көбіне шетпұшпақ өлі жүндер, жабағы жүн, жылқы қылы, түйе жүні пайдаланылады. Арқан, жіп есілу тәсіліне қарай екі түрге бөлінеді. Есіп жасалатын жіптер арқан, желі, ноқта, құрық бау, бұйда, шылбыр, тізгін, т.б. Тоқып және өріп жасалатын жіптер басқұр, таңғыш, туырлық бау, жел бау, тең таңғыш, кұр жіп, құлын ноқта, нар ноқта, т.б. Арқанның түрлері арқан, қосақ арқан, сүйретпе арқан, жел арқан, тарту арқан, матау арқан, ат арқан, белдеу арқан, шом арқан, қом арқан, тең арқан, желі арқан.

Тері өңдеу. Мал терісі қазақ тұрмысында өте кең қолданылған шикізат. Әрбір іске әр түрлі терілер пайдаланылған. Шеберлер оның әркайсысына өзінше атау берген. Мысалы, қара мал терілерін сиыр терісі, өгіз терісі, тайынша терісі, бұзау терісі деп төртке бөлген. Әр терінің өн бойындағы жекелеген бөліктерінің де атауы болған - жондық, қабырғалық, сүйек бас тері, пұшпақ, мойын терілері. Жылқы терісін - бие терісі, жабағы және құлын терісі деп үшке бөлген. Түйе терісін - атан терісі, бота терісі деп екіге бөлген. Атан терісі, өгіз терісі және олардың жондықтары қазақ қолөнерінде өте кең қолданылған.

Қазақ халқының материалдық мәдени дәстүрі Қазақ халкының дәстүрлі мәдениетінің түп тамыры өте тереңде жатыр. Қазақ мәдениетінің қалыптасып дамыған аймағы осы ұлттың бүгінгі мекені, соның төңірегі. Оның дәлелі археологиялық, палеоэтнографиялық деректер. Біздің жерімізде мекендеген андронов тайпаларының қыш құмыраларындағы ою-өрнектер кейінгі қазақтың бау, басқұрларындағы нақыштарға ұқсайды. Андроновтықтардың тастан салған үйлері, шаруашылық құрылыстары, құдықтары кейінгі қазақтың осындай құрылыстарында көрініс тапқан. Одан бергі сақ, ғүн, үйсін, қаңлы тайпаларының да мәдениеттерінің қазақ дәстүрлі мәдениетінің қалыптасуына әсері аз болмаған. Ерте орта ғасырларда бүгінгі Қазақстан жерін және көрші аймақтарды мекендеген таза түркілік этностар және мемлекеттер тұсында бүгінгі қазақ халқы дәстүрлі мәдениетінің, тілінің негізі қалыптасты. Жалпы мәдениетті, әдетте, шартты түрде екіге бөлеміз. Ол материалдық (заттай) және рухани мәдениет. Материалдық мәдениетке ұстап көруге болатын заттық дүниелерді жатқызсақ, рухани мәдениетке көзбен көріп ұстауға келмейтін рухани құндылықтарды жатқызамыз. Ұлттық материалдық мәдениетте оның дәстүрлі ерекшеліктері анық көрініс табады. Киіз үй тарихы Дәстүрлі қазақ көшпелі коғамының материалдық мәдениет саласындағы үлкен бір жетістігі киіз үй. Бүгінгі таңда киіз үйдің 2 мың жылдан астам тарихы бар екенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Көшпелі сақтар бұдан екі жарым-үш мың жыл бұрын өмір сүргендігі белгілі. Көшпелі сақтарда үлкен арбаның үстіне тіккен (орнатқан) киіз жамылғылы баспанасы және жиналмалы шошақ үйлері болған. Б.з.д. I мыңжылдықтың соңында Қазақстан жерін жайлаған ғұндар мен үйсіндерде уықты, шаңырақты, киізбен жабылған үйдің болғандығы дәлелденіп отыр. Одан екі-үш ғасыр ертерек кезеңге жататын Алтайдың Пазырық қорғандарынан табылған киіздердің қазақ киіздеріне ұқсастығы таңғалдырады. Жиналмалы керегесі бар, уық, шаңырағы бүгінгі қазақтың киіз үйіне ұқсас жылжымалы баспана түркі заманында толық қалыптасқан болуы керек. Орхон-Енисей көне сына жазбаларында киіз үй ұғымын білдіретін «керагу» деген сөз кездеседі. Көне түркілердегі киіз үйдің «керегу» атауы кейінгі қазақтарда да сақталған. Қазақ кейде киіз үй атауының баламасы ретінде «кереге» деген сөзді де қолданады. Бұл әдет көбіне шығыс өңірі қазақтарында жиі кездеседі. Монғолдар керегесі бар киіз үйді түркілерден шамамен XIII ғасырда қабылдаған. XV-XVI ғасырларда Еуразия даласында киіз үйдің екі түрі түркілік және монғолдың түрлері қалыптасады. Киіз үйдің түркілік түрі уығының иіні қайқылау болуына байланысты жатағандау болып келеді, ал моңғол киіз үйінің уығы тіктеу, төбесі конусқа ұқсас шошақтау болады. Қазақтың күнделікті өмірде пайдаланған үйлері дәулетіне қарай төрт қанаттан сегіз қанатқа дейін болған. Әйгілі ғалым Әлкей Марғұланның айтуына қарағанда, салтанатты орда үйлері 12, 18, тіпті 30 қанатқа дейін болған. XVIII-XIX ғасырларда қазақтың сұлтандары, атақты билері екі үйді қатар тігіп, арасынан керегеден дәліз жасап екі бөлме етіп те пайдаланған. Кереге желкөз және торкөз болып екі түрге бөлінеді.

Киіз үйдің құрылысы