«Әділет» демократиялық партиясы (ӘДП) — 2004 жылдан 2013 жылға дейін ғұмыр еткен Қазақстан саяси партиясы. Оған Төлеген Сыдықов басшылық еткен еді. Партия Қазақстан демократиялық партиясы атауымен 2004 жылғы 29 сәуірде құрылған болатын. Әділеттің шамамен 70 000 мүшесі болды. Оның әр өңірде, соның ішінде Астана мен Алматы қалаларында филиалдары болатын.
2013 жылғы 26 сәуірде партия Руханият партиясымен бірігемін деп ыдырап, Бірлік партиясын құрды.
Тарихы Партия 2002 жылдан болған «Заңды Қазақстан үшін» әлеуметтік және саяси қозғалысының негізінде, Қазақстан демократиялық партиясы атауымен 2004 жылғы 29 сәуірде құрылды. Партияның төрағасы Мақсұт Нәрікбаев болды.
2004 жылғы парламенттік сайлауда партия жалпы дауыстың 0,8% жинады, тек бір мандатқа ие болды. Орын бірмандаттық округтан сайланған Зейнолла Алшымбаевқа берілді.
Партия елдің сайлау комиссияларының жұмысына қатысты. 2005 жылғы президенттік сайлауда сайлау комиссияларына ӘДП-нан 185 адам сайланды. «Әділет» үкіметті қолдайтын өзге де саяси партиялар мен ұйымдармен қатар Қазақстанның Халықтық коалициясының құрамына кірді.
2006 жылғы 14 сәуірде «Әділеттің» IV съезінде партияның атауын «Әділет» демократиялық партиясы деп өзгерту туралы шешім қабылданып, партия төрағасы лауазымы тең төрағалар институтымен алмастырылды. Тең төрағалар болып Нәрікбаев, Алшымбаев, Ахмеджан, Оңғарбаев және Сыдықов сайланды. 2007 жылғы 8 шілдеде «Әділеттің» V съезінде партия «Ақ жол» демократиялық партиясымен бірікті. Алайда 2007 жылғы 20 қазанда өткен «Әділеттің» VI кезектен тыс съезінде бұл бірігу тоқтатылды.
2008 жылғы 29 сәуірде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Әділеттің» VII съезі өтті. Сайланған 245 делегаттың 201-і съез жұмысына қатысты. Съезге саяси партиялар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары, танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері, сондай-ақ Ресейдің «Әділ Ресей» партиясының өкілі Александр Романович қонақ ретінде қатысты.
2009 жылғы 24 сәуірде партия өзінің құрылғанына 5 жыл толуына арналған конференция өткізді.
2012 жылғы парламенттік сайлауда партия 0.66% дауыс жинап, бірде-бір мандатқа ие болмады. Ресми мәлімдемесінде «Әділет» барлық жеңімпаз партияларды құттықтап, «партиямыз үшін нәтижелер көңіл көншітпесе де, жалпы алғанда ел жеңді, Қазақстан жеңді» деп атап өтті.
2012 жылғы наурызда партия төрағасы Мақсұт Нәрікбаев партия басшылығын жаңарту қажеттігін алға тартып, өз еркімен қызметінен кетті. 2012 жылғы сәуірде өткен партия съезінде бұрынғы бірінші төраға орынбасары болған Төлеген Сыдықов оның орнына сайланды.
2013 жылғы 26 сәуірде «Әділет» пен «Руханият» партиялары бірігіп, жаңа «Бірлік» саяси партиясын құрды, соның нәтижесінде «Әділет» партиясы өз қызметін тоқтатты.
Идеологиясы Партия Қазақстан азаматтарының азаматтық ерік-жігерін біріктіру мақсатында құрылды. Бұл үшін құқықтық мемлекеттілікті нығайту, ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты жан-жақты күшейту, сондай-ақ қазақстандықтардың бойына шынайы патриоттық сезімдерді сіңіру көзделді. Партия өзінің басты міндеті ретінде Қазақстанда құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет құруды, тиімді, озық, әрі дамыған экономикалық жүйені қалыптастыруды және азаматтық қоғамды дамытуды қарастырды.
«Әділет» өзін әрдайым орта тап пен бизнеске бағытталған партия ретінде көрсетті.
Дереккөздер
Санат:Қазақстан бұрынғы саяси партиялары