Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (Кеңес Одағы, КСРО; ) — Еуропада және Азияда 1922 жылдан 1991 жылға дейiн болған мемлекет. КСРО — 15 республикалардан құрылған ірі федерация болған, адамзат заманауи тарихындағы ең ықпалды мемлекеттерінің бірі еді.
1917 жылғы Конституцияға сәйкес, КСРО бiртұтас одақ, көп ұлтты және социалистiк мемлекет болып жарияланды.
Ауғанстанмен, Мажарстанмен, Иранмен, Қытаймен, (1948 жылғы 9 қыркүйектен) Солтүстік Кореямен, Моңғолиямен, Норвегиямен, Польшамен, Румыниямен, Түркиямен, Финляндиямен, Чехословакиямен және тек қана теңiздегi АҚШ-пен, Швециямен және Жапониямен КСРО-ның Екінші дүниежүзілік соғыстан кейiн жаяу шекарасы болды.
КСРО Ресей КФСР, Украин КСР, Белорус КСР және Күнгей Кавказ СФКР бiрiгуі жолымен 1922 жылғы 30 желтоқсанда құрылды.
Конституциясы бойынша егемендi мемлекет болып табылған (әртүрлi жылдарда 4-пен 16-мен аралығындағы) одақтас республикалардан тұрды; әрбiр одақтас республиканың одақтан еркiн бөлiнiп шығу мүмкіндігі сақталынды.
Одақтас республика шет мемлекеттермен қатынасқа шығып, келiсiм-шарттарымен тұжырымдап, дипломаттық және консулдық өкiлдермен ауысып, халықаралық ұйымдардың қызметiне қатысуға құқығы болды. КСРО-мен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының 50 ел-негiздеушiлерiнiң арасында Белорус КСР және Украин КСР қатар дауыс құқығына ие болды.
Екiншi дүниежүзілік соғысынан кейiн АҚШ-тан кейінгі екінші жоғарғы держава болды. Кеңес одағы социализмнің дүниежүзілік жүйесiнде үстем болды, сонымен бiрге Біріккен Ұлттар Ұйымының қауiпсiздiк кеңесінің тұрақты мүшесі болды.
КСРО-ның ыдырауы орталық одақтық өкiмет және одақтас республикалардың жоғарғы кеңестері, президенттері орындарына жаңа сайланған өкiмет өкiлдерінiң арасындағы өткiр қарсы тұрумен бейнелендi. Республикалық жоғарғы кеңестер 1989—1990 жылдары барлығы бірдей мемлекеттiк егемендiк туралы декларацияларын қабылдап, кейбiреулері тәуелсiздiк декларациясын жариялады.
КСРО-ның 15 республикасының 9-ында 1991 жылғы 17 наурызда азаматтардың үштен екiсi жаңартылған одақтың сақталуын шешу мақсатында Бүкiлодақтық референдум жүргiзiлдi. Бірақ орталық өкiметке ахуалды тұрақтандырудың сәтi түспедi.
Сәтi түспеген мемлекеттiк төңкерістің нәтижесінде Балтық жағалауы республикаларының тәуелсiздiгiнiң ресми мойындауы болды. Украина тәуелсiздiгi жарияланған Бүкiл Украиналық референдумнан кейiн КСРО-ны сақтау мүмкiн емес болды. Беларусь, Украина және Ресей Федерациясы 1991 жылғы 8 желтоқсанда қол қойған Тәуелсiз мемлекеттердiң достастығын құру туралы келiсiмде мәлiмдеген.
Этимологиясы Қазақстанның Кеңес Одағындағы жылдарында қазақ тілінде совет русизмі қолданылған еді және мемлекеттің толық атауы Советтік Социалистік Республикалар Одағы еді. 1992 жылдан бастап бұл сөз Кеңестік деп аударылып келді, мемлекет Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы деп аталатын болды.
«Совет» — орыс тіліндегі «Кеңес» сөзінің аудармасы. Оны тағы «ассамблея», «жиналыс» деп те аударуға болады.
Бастапқыда КСРО атауы Владимир Ленинмен басқаша болып жоспарланған еді. Ол «Еуропа мен Азияның Кеңестік Республикалар Одағы» атын ұсынған еді,Джордж Легетт, https://archive.org/details/chekaleninspolit0000legg 1981. Оксфорд: Оксфорд Университетінің прессасы. ISBN коды 978-0-19-822552-2 бірақ кейінірек Иосиф Сталинмен бірге олар бұдан кейін бас тартты. Сонымен одақ Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы деп аталып кетті де, елді белгілейтін «совет» русизмі әр республикада болды (алайда украин тілінде ол «рада» болуын тоқтатпады).
Тарихы 1918 жылы қаңтарда өткен жұмысшы, солдат және шаруа кеңестерінің (бұдан әрі кеңестер деп аталады) біріккен съезінде “Еңбекші және қаналған халықтардың декларациясы” жарияланды. Езілген ұлттарға өз республикаларын құруға мүмкіндік берілді. 1918 жылы 4 – 10 шілдедегі Кеңестердің 5-Бүкілресей съезінде Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының (РКФСР) тұңғыш конституциясы қабылданды. 1919 жылының наурызында мемл. билік басындағы Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясының РК(б)П жаңа бағдарламасы қабылданып, елде социализм орнату жолдары белгіленді. Бағдарламаға сәйкес ішкі және сыртқы контрреволюциямен күресу үшін 1919 жылы маусымда Ресей, Украина, Белоруссиядағы кеңестер билігін (қ. Кеңес үкіметі) жақтайтын мемл. органдардың әскери, саяси, шаруашылық одағы қалыптасты. 1918 жылының 30 сәуірінде Түркістан Кеңестік Федеративтік Республикасы, 1920 жылы 26 сәуірде Хорезм Халық Кеңес Республикасы, 1920 жылы 8 қазанда Бұхара Халық Кеңес Республикасы, 1920 жылы 4 қазанда Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы (Қазақ АКСР-і) құрылды.
Қызыл армияның Кавказға жорығы нәтижесінде ондағы ұлттық үкіметтер құлатылып, Әзербайжан Кеңестік Социалистік Республикасы (28.04.1920), Армян Кеңестік Социалистік Республикасы (29.11.1920), Грузин Кеңестік Социалистік Республикасы (25.02.1921) жарияланды. 1922 ж. 12 наурызда осы үш республика бір федеративтік одаққа Күнгей Кавказ Социалистік Федеративтік Кеңестік Республикасы болып бірікті. Ресей мен Жапония арасында болуы ықтимал әскери қақтығыстың алдын алу және ақ гвардияшыларды, интервенцияны жоюға жағдай туғызу мақсатында 6.4.1920 ж. жарияланған Қиыр Шығыс Республикасы, алға қойылған мақсат орындалған соң, 15.11.1922 ж. ВЦИК декретімен барша жері РКФСР-ге оның құрамдас бөлігі ретінде қосылды. 1922 жылдың ортасына таман бұрынғы Ресей империясының барлық жерінде дерлік кеңестер билігі орнады.
Мемлекеттік құрылымды одан әрі жетілдіру үшін, билік басындағы коммунистер (большевиктер) партиясының жетекшісі Владимир Ильич Лениннің жоспары бойынша, кеңестік республикалардың одағын құру керек болды. Жаңа одаққа кіретін республикалар тәуелсіз және тең құқылы болып саналды. РКФСР, УКСР, БКСР, ККСФКР Кеңестерінің кезекті съездері одаққа бірігуді жақтап дауыс берді.
Осыны негізге ала отырып, 1922 жылы 30 желтоқсанда шақырылған аталған төрт республика кеңестері өкілдерінің 1-съезі Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын құру жөнінде Декларация қабылдады. Декларацияда КСРО-ға кіру теңқұқылық пен еріктілік негізінде жүзеге асырылады және Одақтан өз еркімен шығу құқы сақталады, әрі басқа да жаңадан құрылған республикалар одаққа өз еркімен кіре алады деп көрсетілді. Съезд КСРО-ны құру жөніндегі келісімшартты бекітті. Одақтың жоғарғы органын – КСРО Орталық Атқару Комитетін сайлады. ОАК-нің тең төрағалары болып Михаил Калинин, Григорий Петровский, Нариман Нариманов, Александр Червяков сайланды. ОАК-нің 2-сессиясында Кеңес Одағының үкіметі – Владимир Ленин бастаған КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі құрылды. 1924 жылы 31 қаңтарда 2-Кеңестер съезі КСРО-ның алғашқы Конституциясын бекітті. 20 ғ-дың 20-жылдарының бас кезінен бастап, әсіресе, Ленин қайтыс болғаннан кейін, Кеңес Одағында билік үшін талас-тартыс басталды. Бұл күресте Иосиф Сталин жеңіске жетті де, елде өзінің авторитарлық жеке билігін орната бастады. 1925 жылы Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасы (Өзбек КСР-і) және Түрікмен Кеңестік Социалистік Республикасы (Түрікмен КСР-і) құрылды. 20 ғасырдың 20-жылдарының ортасынан бастап Кеңес Одағы жаңа экономикалық саясаттан бас тартып, елді күшпен индустриализациялау және ауыл шаруашылығын күшпен ұжымдастыру саясатын жүргізді. Коммунистік партия мемлекеттік билікті толық қолына алды.
Елде қатты орталықтандырылған әрі милитаризацияланған тоталитарлық режим орнады. Бұл жүйе елді жедел түрде модернизациялауға және басқа мемлекеттердегі революциялық қозғалыстарды қолдауға қызмет етті. Ауыл шаруашылығында шаруаларды зорлықпен ұжымдастыру және ұсақ меншік иелерін (кулактарды, орта шаруаларды, ауыл байларын, т.б.) тәркілеу халықты жаппай ашаршылыққа ұшыратты. Оған қоса зорлықпен отырықшыландырылған украин (Холодомор) және қазақ шаруалары (қазақ ашаршылығы) айрықша қатты шығынға ұшырады. Бұл халықтың жаппай наразылығын туғызып, жер-жерде шаруалар көтерілістері басталды. Бірақ оларды үкімет әскерлері күшпен басып тастады. 1929 жылы КСРО халық шаруашылығын дамытудың 1-ші бесжылдық жоспары жасалды. 1934 жылы алғашқы бесжылдық жоспарды мезгілінен бұрын орындау қорытындылары қаралып, 2-бесжылдық жоспар жасалды.
Екі бесжылдық нәтижесінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі бойынша КСРО Еуропада 1-орынға, әлемде (АҚШ-тан кейін) екінші орынға шықты. 1934 жылдың соңында КСРО бойынша жаппай саяси қуғын-сүргін басталды.
Көптеген партия, мемлекет, қоғам, әскери, мәдениет қайраткерлері атылып кетті, миллиондаған тұтқындарды тегін жұмыс істету үшін еңбек лагерлері құрылды (қ. ГУЛАГ).
1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО-ның екінші Конституциясы қабылданып, бұрынғы ЗКФСР-дан бөлінген Әзербайжан Кеңестік Социалистік Республикасы (Әзірбайжан КСР-і), Армения Кеңестік Социалистік Республикасы (Армения КСР-і), Грузия Кеңестік Социалистік Республикасы (Грузия КСР-і), РКФСР-ден бөлінген Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы (Қазақ КСР-і), Қырғыз Кеңестік Социалистік Республикасы (Қырғыз КСР-і) құрылып, Кеңес Одағындағы одақтас республикалар саны көбейді. 20 ғ-дың 30-жылдарының аяқ кезінде елдің сыртқы саясатында үлкен өзгерістер болды. 1939 жылы кеңес-герман келісімшарты жасалынып, ол бойынша КСРО құрамына Батыс Украина мен Батыс Белоруссия, 1940 жылы Балтық теңізі жағалауы елдері, Бессарабия, Солтүстік Буковина зорлықпен қосылды. Осының негізінде 1940 жылы Молдовия Кеңестік Социалистік Республикасы (Молдован КСР-і), Латвия Кеңестік Социалистік Республикасы (Латвия КСР-і), Литва Кеңестік Социалистік Республикасы (Литва КСР-і), Эстон Кеңестік Социалистік Республикасы (Эстон КСР-і) құрылып, Кеңес Одағы құрайтын одақтас республикалар саны 15-ке жетті. 1941 жылы жазда КСРО Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты (қ. Ұлы Отан соғысы).
Соғыс кезінде тұтас халықтар (балкарлар, шешендер, қалмақтар, қырым татарлары, қарашайлар, месхет түріктері, немістер, т.б.) Қазақстанға, Орта Азияға, Сібірге жер аударылды. Соғыс аяқталғаннан кейін КСРО-ға Оңтүстік Сахалин, Курил аралдары, Петсамо (Печенга) ауданы, Клайпеда, Көнигсберг (Калининград), т.б. территориялар қосылды. Соғыстан кейінгі жылдары саяси қуғын-сүргін қайтадан басталды (космополиттермен күрес, “Ленинград ісі”, “дәрігерлер ісі”, т.б.). Соғыс кезіндегі бұрынғы одақтастармен (АҚШ, Ұлыбритания, Франция) арада бәсеке күшейіп, “қырғи-қабақ соғыс” ахуалы қалыптаса бастады. Әлемде екі жүйе (социалистік елдер мен капиталистік елдер) пайда болып, жанталаса қарулану күшейіп кетті.
1949 жылы Семей полигонында КСРО-да тұңғыш атом қаруы сыналды. 1953 жылы көктемде Сталин өліп, үкімет билігі үшін тартыс қайта басталды. Үкімет басына келген Никита Хрущёв партияның 20-съезінде (1956) Сталиннің жеке басына табынудың зардаптары жөнінде баяндама жасады. Саяси қуғын-сүргін құрбандары ақтала бастады. Қудалауға ұшыраған халықтардың РКФСР құрамындағы автономиялық құрылымдары қалпына келтірілді. Кеңес Одағы құрамында жоғарыда аталған 15 одақтас республикалардан өзге 20 автономиялық республика, 8 автономиялық облыс, 10 ұлттық округ болды. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөлінді. Қазақстан мен Батыс Сібірде тың және тыңайған жерді игеру қолға алынды. 1954 жылы алғашқы атом электрстанциясы салынды, 1957 жылы Жердің жасанды серігі ұшырылды, 1961 жылы адам тұңғыш рет ғарышқа ұшырылды. Бірақ бұл жұмыстардың барлығы тоталитарлық жүйе тәртібімен жүргізілгендіктен, ішкі қайшылықтары көп болды. Орыстандыру саясатының күшеюіне қарсылық ретінде ұлт республикаларында наразылықтар бой көрсетті. 1964 жылы Хрущёв орнынан түсіріліп, билікке Леонид Брежнев келді. Жаңа үкімет басшысы жүргізген реформалар ақырына дейін жеткізілмей, сәтсіздікке ұшырады.
Экономика экстенсивті жолмен дамыды, елді милитаризациялау әрі қарай жалғасты. Көрші социалистік елдерде реформа жасау әрекеттері – Мажарстан (1956) мен Чехословакияға (1968) қарулы әскер кіргізу арқылы басып тасталды. 1979 жылы Ауғанстанға Кеңес Одағы әскерлері кіргізілді. Жанталаса қарулану одан әрі шегіне жетті. 1977 жылы қабылданған КСРО-ның үшінші Конституциясы елдің қоғамдық-саяси өміріне, әлеуметтік-шаруашылық тұрғыда дамуына серпін бере алмады. 1980 жылдың бас кезінде Кеңес Одағы экономикалық тоқырауға ұшырады.