Геологияның салалары арасында ғылыми пәндер жер қыртысының заттық құрамын, оның құрылысын, геологиялық процестер мен олардың тарихи реттілігін зерттейтін, сондай-ақ қолданбалы ғылымдар түріне бөлінеді. thumb|700px|center Геохимия - химиялық элементтердің жер қыртысында және тұтастай алғанда Жерде таралуы мен жылыстау процестері туралы ғылым. Кристаллография — кристалдардың ішкі құрылысын, сыртқы пішіні мен физикалық қасиеттерін зерттейді. Ол геологиямен және физикамен шектеседі. Минералогия — минералдар (табиғи химиялық қосылыстар) туралы ғылым ретінде олардың құрамын, қасиеттерін, жаралу жағдайлары мен өзгерістерін зерттейді. Петрография, петрология және литология — тау жынысытар туралы ғылым болғандықтан олардың құрылымын, бітімін, құрамын, жаралу заңдылықтарын, жатыс пішіндері мен таралуын жан-жақты тұрғыдан қарастырады. Литология - шөгінді тау жынысытар туралы ілім. Геотектоника - жер қыртысы және Жердің құрылысы мен эволюциясы туралы ғылым. Ол Жердің жаһандық құрылымдарын зерттейді. Геодинамика — Жердің жоғарғы қабықтарын тектоникалық қозғалыстар мен өзгерістерге түсіретін процестерді зерттеумен айналысады. Құрылымдық геология — геотектониканың бөлімі ретінде тау жынысытардың жатыс пішіндерін, жер қыртысындағы оның құрылымын анықтайтын әр-түрлі тау жынысытардың сипатын, орналасу және өзара қатынас заңдылықтарын зерттейді. Вулканология — жанартаулардың атқылау процестерін, құрылысын, дамуын және жаралу себептерін, шығарған өнімдерінің құрамын зерттейтін ғылым. Сейсмология - жерсілкіну (зілзала) пайда болуы мен білінуінің геологиялық жағдайлары туралы ғылым. Геоморфология - жер беті бедер пішіндерінің жаралуы мен дамуы туралы ғылым. Палеонтология — өлген жануарлар мен өсімдіктер калдықтарын зерттеу негізінде тау жынысытардың салыстырмалы жасын анықтайды және бір уақытта пайда болған әркелкі шегінді жаралымдар катқабаттарын салыстыруға мүмкіндік береді. Стратиграфия - шөгінді тау жынысы қатқабаттары мен қабаттарының орналасу реттілігін қарастырады және палеонтология деректері бойынша олардың жасын анықтайды, соңғы кезде геофизика деректерін пайдалануда. Тарихи геология геологиялық процестердің тарихи реттілігін зерттейді, яғни таужаралу, вулканизм, теңіз тасулары мен қайтулары, физикалық-географиялық жағдайлар, т.б. құбылыстарды калпына келтіретін геологиялық жылнама. Палеогеография өткён замандардың физикалық-географиялық жағдайларын анықтайды және әр-түрлі геологиялық кезеңдердегі жер беті сипатын қалпына келтіреді. Аймақтық геология жекелеген аймақтардың геологиялық құрылысы мен даму мәселелерін зерттеумен айналысады. Планеталық геология - планета денелерінің геологиясымен айналысатын планетологияның саласы. Геологияның бұл бағыты Жердің қатты қойнауқаттары (ішкі қабыкгары) дамуының, қозғалысының және Жер пішіні өзгерісінің планетальгқ заңдылықтары мен астрономиялық факторларын зерттейді. Пайдалы қазбалар туралы ілім — геологиялық білімнің өте көне саласы, ол экономикаға кажет барлық табиғи минералдық жаралымдарды зерттейді. Пайдалы қазбалардың әр-түрлілігі мен олардың өте маңыздылығы бұл ғылымның көптеген жеке бөлімдерінің жіктелуіне әкелді. Мәселен: руда кенорындары туралы ілім, бейруда кенорындары туралы ілім, мұнай геологиясы, көмір геологиясы, радиобелсенді элементтер геологиясы, т. б. Гидрогеология - жерасты суының жаралуы, физикалық пен химиялық касиеттері, козғалысы мен жату жағдайлары және жер бетінде білінуі туралы ғылым. Инженерлік геология — инженерлік құрылыстарды (ұңғыма, шахта, ғимарат, құбыр, жол, т.б.) тұрғызу мен пайдаланудың геологиялық жағдайлары туралы ғылым, яғни геологияны инженерлік іске қолдану жақтары мен мәселелерін зерттейді. Мұнай кеніштік және кен-өнеркәсіптік геология — мұнай мен кен кәсіпорындарын (шахта, кеніш, карьер, ұңғыма) жобалау, салу, пайдалану және жою кезінде геологиялық сүйемелдеу мен қамсыздандыруды зерттейді. Экологиялық геология - литосфераның биота мекендеп, тіршілік ететін горизонттарын жоғары деңгейде ұйымдаскан экожүйелер компоненті ретінде карастырып, зерттейді. Бұл сала литосфераны бірінші кезекте адамның кең ауқымды (әр-түрлі заттар мен энергетика көзі ретінде) игеруі нәтижесінде туындаған.Жалпы геология (Жер динамикасы): Оқулық. Алматы: ҚазҰТУ, 2008 ISBN 987-601-228-001-2

Дереккөздер

Санат:Геология