Үй шаруашылықтарының ақшалай табыстарына сонымен бірге мемлекеттік әлеуметтік трансферттерді - зейнетақыларды, жәрдемақыларды және түрлі деңгейлер бюджеттері мен бюджеттен тыс қорлар қаражаттарынан төленетін басқа төлемақыларды жатқызады.
Қазіргі кезде халықты әлеуметтік қорғаудың төрт деңгейлі жүйесі қалыптасқан: бірінші деңгей - мемлекеттік бюджеттен төленетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақылар: базалық зейнетақы төлемдері, мемлекеттік жәрдемақылар, баланың туылуына арналған біржолғы төлемдер; екінші деңгей Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорынан ортақ зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді төлеу, яғни барлық жұмыскерлер аударым жасайтын, ал зейнеткерлікке жасы толғандар немесе тиісті сақтық жағдайы орын алғандар ғана алатын орнықтылық қағидаттарымен жүзеге асырылатын төлемдер; үшінші деңгей - міндетті зейнетақы жарналарының есебінен төленетін зейнетақы төлемдері, яғни адамның жеке салымдарына тәуелді жүзеге асырылатын төлемдер; төртінші деңгей - ерікті сақтандыру есебінен төленетін әлеуметтік төлемдер.
Үкіметтік бағдарламалармен халықтың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетудің қосымша нысандары қарастырылған. Мәселен, кедейлікті жою және әлеуметтік-демографиялық жағдаятты жақсарту үшін қажетті жағдайлар жасау мақсатымен 2005 жылдан бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жәрдемақылар енгізуді, ал перспективада отбасынының табыстарына қарай балалардың жәрдемақылар төлеуді қоса, балаларды қорғаудың біртұтас жүйесі жасалуда.
Әлеуметтік сақтандыру көбінесе зейнетақымен қамтамасыз ету арқылы іске асырылады.
Зейнетақы - бұл қартайғанда, толық немесе ішінара еңбек ету қабілеттігінен, асыраушысынан айырылған және заңда көзделген басқа жағдайларда азаматтарды қамтамасыз ету үшін берілетін ай сайынғы ақшалай төлемақы, қызмет атқарған уақыттағы табыстың бір бөлігі. Зейнетақы төлемдерінің мөлшерлері тек қана жұмыс өтіліне және зейнетақыны есептеу үшін берілген орташа айлық табыс деңгейіне байланысты болады.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 1997 жылы маусымның 20-сындағы заңның қабылдануымен байланысты зейнетақы реформасы басталды. Оның мәні - 1997 жылға дейін өмір сүрген зейнетақымен қамтамасыз етудің зейнетақы қорларын қалыптастыру кезіндегі ұрпақтардың ынтымақтастық қағидатынан дара қорланымдардың қағидатына көшуде болды. Бұл үшін жинақтаушы зейнетақы қорларының жүйесі (соның ішінде Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры) және Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық қарастырылған. Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры жалақының барлық түрлерін, әр алуан сыйлықақыларды, үстеме ақыларды, үстемелерді қоса, жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланатын заңды тұлғалардың, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің, адвокаттар мен жекеше нотариустардың ай сайынғы ақшалай немесе натуралдық нысандағы табысынан (жұмыс берушінің материалдық, әлеуметтік игіліктер немесе басқадай материалдық пайда түріндегі табыстарын қоса) он пайыз мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары нысанында аудару жолымен қалыптасады. Бұл кездің есебінен жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының зейнетақы қорланымдары қалыптасады. Зейнетақы қорланымдарын қалыптастырудың басты мақсаты азаматтарды қартайғанда әлеуметтік қамтамасыз ету. Осыған байланысты жұмыскердің ай сайынғы табысынан ұсталатын және азаматтардың дара шоттарында жиналатын міндетті зейнетақы жарналары - бұл қатаң нысаналы ақша, график бойынша дүркін-дүркін төленетін төлемдер негізінде оның арналымы қарттықты қамтамасыз етуде болып табылады.
Зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы Қазақстан Республикасы заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазіргі кезде жинақтаушы зейнетақы жарналарының жүйесі - зейнетақы төлемдерін төлейтін Орталық 1998 жылғы 1 қаңтардағы жай-күйі бойынша кемінде алты ай еңбек өтілі бар жеке тұлғаларға еңбек өтіліне бара-бар түрде жүзеге асырылатын ақшаны, жинақтаушы зейнетақы қорлары алушыларға зейнетақы қорланымдарын төлейді.
Міндетті зейнетақы жарналарын есептеуге алынатын ай сайынғы табыс ең төменгі айлық жалақының жетпіс бес еселік мөлшерінен аспауы тиіс. Жинақтаушы зейнетақы қорларына аударылатын міндетті зейнетақы жарналары Салықтық кодексте белгіленген бірқатар төлемдерден ұсталынбайды. Кейін зейнетақы төлемдері мемлекеттік және мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорларындағы әркімнің дара зейнетақы шотынан төленеді. Сондықтан зейнетақының мөлшеріне бюджеттің жай-күйі, қанша адамның жұмыспен қамтылып, қаншасы жұмыссыз жүргені әсер етпейді.
Салымшылар немесе жұмыс берушілер міндетті зейнетақы жарналарына қосымша ретінде ерікті зейнетақы жарналарын төлей алады, олардың мөлшері шектелінбейді, жарналар бірақ рет немесе дүркін-дүркін, ұдайы немесе тұрақсыз, қолма-қол ақшамен немесе аудару жолымен (қолма- қолсыз ақшамен) төленеді.
Қазақстанда аралас зейнетақы жүйесі жұмыс істейді, өйткені 1998 жылға дейін зейнеткерлікке шықкан зейнеткерлер немесе бұл уақытқа дейін зейнеткерлік өтілі барлар үшін ынтымақтастық зейнетақы жүйесінің жұмыс істеуі жалғасуда. Олардың зейнетақымен қамтамасыз етілуін қаржыландыру үшін қаражаттар республикалық бюджеттен Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорына және одан ары зейнетақылар төлем жөніндегі орталыққа аударылады. Негізінде мұндай қаражаттардың көзі әлеуметтік салық болып табылуы тиіс, бірақ зейнеткерлік бағдарламаларды жабуға және оларды толық қаржыландыруға оның түсімдерінің жеткіліксіздігі жағдайларында мемлекеттік бюджет кірістерінің басқа түрлері тартылады.
Зейнетақы төлемдері салымшының таңдауы бойынша Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорына немесе Мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорларына бағытталады, салымшыға зейнетақы келісімшартының негізінде дара зейнетақы шоты және жекеше нөмір дара сәйкестендіру нөмірі (ДСН) ашылады.
Салымшылардың қордаланған жарналарын зейнетақы қорлары уәкілетті орган - банк (кастодиан) арқылы зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыратын ұйымдарға, бағалы қағаздарға, банктердің депозиттеріне және басқа қаржылық құралдарына орналастырады. Орналастыру кезінде алынған табыс инвестициялық табыс деп аталады, ол салымшылардың дара шоттары бойынша қордаланған қаражаттардың сомасына сәйкес бөлінеді; инвестициялық табыс қорланудың ұлғаюын және оның инфляциядан қорғалуын қамтамасыз етеді.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға сәйкес Орталықтан зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға - еркектер 63 жасқа толғанда, әйелдер 58 жасқа толғанда және еркектерге кемінде 25 жыл еңбек өтілі болғанда, әйелдерге 20 жыл еңбек өтілі болғанда тағайындалады. 2008 жылдың екінші жартысында қор индекстерінің опырыла төмендеуі зейнетақылық активтердің табыстылығына әсер етті, жинақтаушы зейнетақы қорларының салымшыларын көбірек шығынға ұшыратты.
Зейнетақылық активтерді инвестициялаудан алынған «таза» инвестициялық табыс сомасы (2008 жылдың аяғындағы комиссиялық сыйақыларды шығарып тастағанда) өспек түгіл, ол тіпті 306,9 миллион теңгеге дейін қысқарды. Зейнетақылық активтерді инвестициялаудан шеккен залал 2008 жылы 30 миллиард теңгеден асып түсті.
Толық емес көлемдегі жасына байланысты зейнетақы төлемдері азаматтарға, олардың нақты еңбек өтілінің болуына қарай Орталықтан толық көлемінде зейнетақы төлемдерін алу құқығы болмаған жағдайда тағайындалалуы мүмкін.
Төтенше және барынша радиациялық қатерлі өңірлерде 1949 жылы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілдеге дейін кемінде 10 жыл тұрған азаматтар «Семей ядролық сынақ полигоныңдағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен зейнеткерлерге», мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға: еркектер - жалпы еңбек өтілі 25 жылдан кем болмаған жағдайда 50 жасқа жеткенде; әйелдер жалпы өтілі - 20 жылдан кем болмаған жағдайда 45 жасқа жеткенде зейнетақы тағайындалуына құқылы. Төтенше және осы өңірдің ең жоғары радиациялық қатер өңірлеріне жататын аумақтарда жұмыс істейтін (жұмыс істемейтін), тұратын, сондай-ақ 1949 жылдан 1990 жыл кезеңінде тұрған азаматтарға республикалық бюджеттен бір жолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу жаңғыртылды.
Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін белгіленген орташа айлық табыстың 60 пайызы есебінен жүргізіледі және жұмыста болған үзілістерге қарамастан, қатарынан кез келген 3 жыл жұмыс үшін орташа айлық табыс негізге алына отырып, 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылады. 1998 жылы қаңтардың 1-іне дейін қажетті еңбек өтілінен тыс жұмыс істеген әрбір толық жыл үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1 пайызға өсіріледі, бірақ ол зейнетақыны есептеу үшін ескерілетін табыстың 75 пайызынан аспауы тиіс.
Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін есептеуге арналған табысқа еңбекке ақы төлеудің барлық түрлері және тізбесін үкімет белгілейтін өзге табыстар енгізіледі. Зейнетақы төлемдерін есептеу үшін 3 жылғы жұмыс ішіндегі табыс қатарынан 36 күнтізбелік айдағы жұмыс ішіндегі табыстың жалпы сомасын отыз алтыға бөлу арқылы анықталып, орташа айлық жалақы шығарылады. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған зейнетақы төлемдерінің ең жоғары мөлшері (зейнетақы алушылардың бірқатарын шығарып тастағанда) Республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген 32 еселенген айлық есептік көрсеткіштің 75 пайызынан аса алмайды. Бұған Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің, әскери қызметшілердің, ішкі істер органдарының, бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитеті қызметкерлерінің және өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдардың және көрсеткіштердің үкімет бекіткен №1 тізімдегі 1998 жылғы қаңтардың 1-іне дейін зейнетақы тағайындалған адамдар жатпайды.
Үкімет 2003 жылдын 4 шілдедегі қаулысымен «Міндетті зейнетақы салымдарынан құрылған жинақтаушы зейнетақы қорлары мен ерікті кәсіптік зейнетақы салымдарынан зейнетақы төлеудін ережесін» бекітті.
Бұл ретте мамандықтары бойынша анықтап белгілегендерге жұмыс берушілер тарапынан ерікті кәсіптік салымдар салу енгізілді.Ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын жұмыс берушілер жұмыскерлердің пайдасына меншікті қаражаттары есебінен аударады, бұл ретте жұмыс берушілер үшін салық преференциялары қарастырылған. Ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жинақталған қорланымдарды төлеу 50 жастан, яғни белгіленген зейнеткерлік жастан ертерек жастан жүзеге асырыла бастайды. Сол сияқты, егер азамат 55 жасқа дейін міндетті жинақтаушы зейнетақы қорына өмірінің сонына дейін жететін ең төменгі төлем деңгейін жинап үлгерсе, зейнетақы демалысына шығуына мүмкіндігі бар. Бұл жағдайда зейнетақы төлемдері аталмыш азаматтардың зейнетақы салымдарын сақтық ұйымдарына өзімен келісім негізінде аударылатын болады.
Әскери қызметшілерді, ішкі істер органдарының, басқа тәртіп сақтау органдарының (тергеу, ұлттық қауіпсіздік, Республикалық ұлан, жоғары лауазымды адамдарды қорғау службасы органдарының) қызметкерлерін зейнетақымен қамтамасыздандыруды қаржыландырудың ерекшеліктері бар. Бұл санаттардың зейнетақы төлемдерін қаржыландырудың көзі - сайып келгенде бірден бір республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаттары.
Сонымен бірге жасына байланысты азаматтар мен мүгедектігі мерзімсіз белгіленген бірінші және екінші топтағы мүгедектер сақтық ұйымдарымен міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы қорланымдарын пайдалана отырып сактық төлемдерін өмір бойы жүзеге асыру туралы зейнетақылық аннуитет келісімшартын жасауға құқығы бар. Бұл ретте сақтық ұйымынан төленетін ай сайынғы сақтық төлемдері зейнетақылық аннуитет келісімшарты жасалған күнге тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем болмауы керек.
Зейнетақымен қамтамасыз ету жайындағы мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі зейнетақылардың деңгейін көтеру болып табылады. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап, енді оның ең төменгі мөлшері 12344 теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 5981 теңге болып белгіленген.