Түтіктіс, африка түтіктісі () - түтіктістілер тұқымдасының қазір тіршілік ететін жалғыз түрі. Негізінен Африкада Сахараның оңтүстік далаларын мекендейді.

Денесінің ұзындығы 1 – 1,5 м, құйрығының ұзындығы 45 – 60 см, салмағы 50 – 70 кг. Қалың терісі сирек, қоңыр сұр немесе сарғыш сұр тікенекті қылшықпен жабылған. Тутіктістің бір түртармағы құйрығының қылшығы ақ түсті. Тұмсығының ұшы түтік тәрізді созылған. Алдыңғы аяғы төрт, артқылары – бес саусақты. Мықты тырнақтарымен термиттердің інін және жер қазады. Тілі ұзын, құрт тәрізді. Тістері дентинді, бір-бірімен бірігіп кеткен түтіктерден тұрады (аты осыған байланысты қойылған). Азу және күрек тістері жоқ. Қалың ормандардан басқа жерлерде тіршілік ете береді. Қорегін іздеуге түнде шығады. Ұзындығы 3 м-ге дейін ін қазады. Термиттермен және құмырсқалармен қоректенеді.

Жылына 1 рет (қазан – қараша айларында) аналығы жалғыз (сирек 2) ұрпақ табады. Ол анасына 6 айдай еріп жүреді. Табиғи жағдайда 10 жылдай өмір сүреді. Тутіктістің етін жергілікті халық тағам ретінде пайдаланады, мықты терісінен ер-тұрман, белбеулік қайыс, білезік, ал тырнақтарынан әр түрлі әшекейлік заттар жасалады. Осыған байланысты өте көп ауланады, сондықтан саны жылдан жылға азайып келеді.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том

Дереккөздер

Санат:Түтіктістілер