Әз Жәнібек хан (туған жылы белгісіз — 1357) — Алтын Орда ханы (1342 — 57), Өзбек ханның баласы. Қазақ фольклорында есімі ерекше аталған, қазақ тарихында ең мықты саналған билеуші.

Басқаруы Анасы Тайдула хатұнның қолдауымен Жәнібек 1342 жылы Сарайшық қаласында өз ағасы әрі бақталасы Тыныбек ханды жойып, өзі хан болды; ол бұған дейін тағы бір бәсекелес ағасы Қызыр ханды да өлтірген еді. Жәнібек орыс кінәздіктері мен Литва ісіне белсенді түрде араласқан. Мәскеу князьдері Симеон мен Иван II Жәнібектің тұрақты саяси әрі әскери қысымында болған.

1343 жылы Жәнібек Қырымдағы Генуяға тиесілі Каффа порт қаласына жаппай Қырым татар әскерімен шабуыл жасады. Ақпан айында италиялық көмекші күш келіп, қоршау тоқтатылды. 1345 жылы Жәнібек Каффаны қайта қоршауға алды; бірақ бұл жолы да оның шабуылы сәтсіз аяқталды, себебі әскерінің арасында оба ауруы тарады. Жәнібектің әскері оба жұққан мәйіттерді қаланың ішіне тас атқышпен лақтырып, қарсыласты әлсіретпек болды. Кейін Каффадан шыққан генуэзиялық теңізшілер Генуя, Мессина және Константинополь қалаларына барғанда, Еуропаға "Қара өлімді" (обаны) алып келді деп есептеледі. Алайда бұл оқиға — мәйіттерді атқышпен лақтыру — даулы саналады. Ол туралы алғаш рет 1348 жылы Италияның Пьяченца қаласынан Габриэль де Муссис жазған. Шын мәнінде, оба жұқтырған бүргесі бар егеуқұйрықтар Жәнібек ордасынан қалаға өтіп, сол арқылы генуэзиялықтарға жұқтырған болуы мүмкін.

1342 жылы Жәнібек орыс кінәзі ұсынысымен Ресейдегі православ шіркеуіне уақытша салық салды. Ол кінәз шіркеудің байлығы мен беделіне реніш білдірген еді. Ол кезде Алтын Орданың қазынасы табиғи апаттар мен соғыстар салдарынан азайып кеткен болатын. Алайда Жәнібек 1347 жылдың қыркүйегінде шіркеуді салықтан босату мәртебесін қайтарып берді, және 1351 жылы бұл шешімді қайта растады. Осылайша ол Шыңғыс ханның дінге қатысты саясатын жалғастырды. 1356 жылы Жәнібек Тебриз қаласын жаулап алып, өз билеушісін орнатты. Сонымен қатар, ол Шағатай ұлысына үстемдігін жүргізіп, Моңғол империясының үш ұлысын біріктіруге әрекет жасады. Шейх Увайстың тізе бүгуін қабылдағаннан кейін, Жәнібек Моңғол империясының үш ұлысы өзінің бақылауында екенін мақтанышпен жариялады. Алайда көп ұзамай Тебризде көтеріліс болып, бұл оқиға Елхандар ұлысынан тараған Жалайыр әулетінің билікке келуіне және ақырында Жәнібек ханның өліміне алып келді.

Мәскеудегі Чудов монастырі, шамамен Жәнібек хан биліктен құлаған уақытта, митрополит Алексий мен Радонеждік Сергийдің бастамасымен салынған. Аңыз бойынша, бұл жерді хан Алексийге анасы Тайдуланы керемет түрде жазғаны үшін сыйға тартқан деседі (бұл дерекке нақты дәлел жоқ). Жәнібек ханның билігі кезінде Алтын Ордада ақсүйектер арасындағы алғашқы алауыздықтар пайда болды. Бұл келіспеушіліктер кейінірек Алтын Орданың күйреуіне әкелген маңызды факторлардың бірі болды. Жәнібек 1357 жылы өлтірілгеннен кейін, Алтын Ордада 25 жыл бойы саяси тұрақсыздық орнады: 1357 мен 1378 жылдар аралығында жиырма бес хан алмасты.

Каталон атласы Жәнібек хан Каталон Атласында (1375 ж.) Алтын Орда туымен бірге бейнеленген. Бұл атласта Алтын Орда мемлекеті Каспий теңізінің солтүстігінде нақты көрсетілген. Жәнібек атласта «Jambech senyor de Sarra» деп аталады, яғни «Сарай қаласының әміршісі Жәнібек» деген мағынада. Оның бейнесінің оң жағындағы жазбада былай делінген:

«Бұл солтүстік аймақтың патшасы осында тұрады. Оның империясы Булғар өлкесінен бастап, Органчо қаласына дейін созылады. Бұл әміршінің есімі – Жәнібек, Сарай қаласының иесі». Каталон Атласында бейнеленген Алтын Орданың туының символикасы шын мәнінде Жәнібек дәуіріне дейінгі таңба белгілеріне ұқсас. Мұндай таңбалар Жәнібек заманында соғылған монеталарда да кездеседі, алайда ол қайтыс болғаннан кейін бұл белгілер қолданылмай кетті. Қазақ аңыздарындағы бейнесі Қазақ халқының Жиренше шешенге қатысты аңыздарында Жәнібек ханның есімі үнемі аталады. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман дәл осы Жәнібек ханның тұсында болған дейді. Соңғы жылдарға дейін, бұл аңыздар Керейдің одақтасы Барақұлы Әбу Сағид Жәнібек хан жайлы қатысты деп айтылып жүрген еді. Алайда бірқатар тарихшылар бұл аңыздар Алтын Орда ханы Жәнібек жайлы деген қорытындыға келді. Қазақтар құрметтеген Әз Жәнібек хан Алтын Орданың билеушісі болған. Оның кезінде Алтын Орда өзінің қуатының шарықтау шегіне жеткен еді. Онымен қоса, көптеген қазақ руларының негізін қалаушылар осы Жәнібек хан тұсында беделді шендерді иеленді. Мысалға, наймандардың бабасы Құтлық Бұқа (Өкіреш ата) Алтын Орданың әмірі, қоңыраттардың бабасы Нанғұдай (Нағанай) Алтын Орда әмірі, алшындардың бабасы Алау батыр Алтын Орда әмірі болды. Жалпы, қазақтар ешқашан өзін Алтын Ордадан бөліп жармаған. Қазақ хандығының Алтын Орданың аты өзгерген бір қанаты екенін, қазақтардың Алтын Орда халқынан тарайтынын жақсы білген. Тек кеңестік идеология кезінде қазақтарды Алтын Ордадан алыстатып, тарихы жоқ, аспаннан түскен халық етіп көрсеткісі келді. Кеңестік идеология қазақ халқының терең тарихын халхаларға сыйлап жіберген.

Отбасы Жәнібек ханның бірнеше ұлы болған, бірақ тек Бердібек қана әкесінен кейін таққа отырған. Алайда Бердібек таққа келген соң өз бауырларын жойып жіберген. Сонымен қатар Жәнібектің ұлымыз деп өзін жариялаған тағы 2–3 адам бар, оларды кейбір қазіргі зерттеушілер расымен ұлдары ретінде қарастырады:

Бердібек (билік құрған: 1357–1359) Құлпа (1359–1360) Наурызбек (1360) Кілдібек (1361–1362) Жәнібектің қызы Шакар бегім — Хорезмдегі Сүфи әулетінің ханзадасы Ақ Сүфи Қоңыратқа тұрмысқа шыққан. Олардың қызы Ханзада бегім кейінірек Темір әулетіне (Шағатай ұрпақтары) келін болған.

Дереккөздер

Тағы қараңыз

Санат:Алтын Орда хандары Санат:Бату әулеті