Мұстафа Кемал Ататүрік (1881 жыл, Салоники – 10 қараша 1938 жыл, Ыстанбұл) — османдық және түрік мемлекеттік, саяси қайраткер және әскери қолбасшы, Түркия негізін қалаушысы және реформаторы, оның тұңғыш президенті. Ол Түркияны зайырлы, индустриялды ел етіп өзгерткен тұлғалардың бірі болды. Оның идеологиясы зайырлылық, ұлтшылдық болып, Кемализм деп аталды.

Мұстафа Кемал Осман түріктерінің жеңісті соғысы — Галлиполи операциясы кезінде дивизия командирі қызметін атқарып жүрген кезінде аса дарынды қолбасшы ретінде өзін көрсете білді. Кейінірек ол Анадолы және Палестина майдандарында әскери қимылдарды ерекше табысты жүргізуімен көзге түсіп, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде атақ-даңққа ие болды. Осман империясының соғыста жеңіліп, Антанта тарапынан елді бөлшектеп тастауға жоспарлар жасалғаннан кейін, Мұстафа Кемал Түрік ұлттық қозғалысын бастады. Ол кейін Түрік тәуелсіздік соғысына ұласты. Анкарада уақытша үкімет ұйымдастырған соң, ол Антанта мемлекеттері жіберген әскерлердің бетін қайтара алып, олардан басым түседі. Ол Осман империясының қалдықтарын қидай сыпырып, зайырлы Түркия Республикасын құрды.

Сыртқы интервенциялық күштерді қайтарғаннан кейін Мұстафа Кемал Түркия өмірінің саяси, экономикалық және мәдени жақтарына терең өзгерістер енгізуге бағытталған реформалар бастайды. Ол реформалардың басты бағыттары Кемалдың саяси идеологиясында баяндалған. Ататүріктің ұстанған көзқарасы бойынша Түркия мемлекеті заманауи, демократиялық және зайырлы мемлекет болып құрылуы тиіс болатын. Ол тегін бастауыш мектеп оқытуын құрып, мыңдаған жаңа мектептер ашты. Ол бұрынғы араб жазуының орнына Латын негізіндегі Түрік әліпбиін жасады. Түрік әйелдері мұсылман елдері ішінде тұңғыш рет ерлермен тең азаматтық құқықтарға — сайлау-сайлану құқықтарына ие болды, бұл тіпті көптеген батыс елдерінен де болмаған заманауи реформа. 1930 жылғы 3 сәуірдегі №1580 құжат бойынша, әйелдер сайлауға дауыс бере алатын болды, ал 1934 жылы толық күйде ерлермен бірдей сайлану-сайлау құқығын иеледі.

Түріктерді негіз еткен саяси билікті құру арқылы ол тамырлас, біріккен түрік ұлтын құруға негіз салды. Жер атаулары, тіпті адам атына дейін түріктендіру басталды. «Түріктер атасы» дегенді білдіретін «Ататүрік» есімін Түрік парламенті 1934 жылы Кемалға сыйлаған еді.

1938 жылғы 10 қарашада Ататүрік 57 жасында Доламбахче сарайында қайтыс болды. Оның орнына премьер-министр Мұстафа Исмет Инөнү отырып, президент лауазымына ие болды. 1953 жылы Ататүрік Кесенесі ашылды. Кесене оның әйгілі «Үйдегі де, дүние жүзіндегі де бейбітшілік» деген сөзі құрметіне Бейбітшілік паркі деп аталатын саябақпен қоршалған.

1981 жылы Ататүріктің туғанының 100 жылдығына орай БҰҰ мен ЮНЕСКО Ататүрікті құрметпен еске алды, әлемде «Ататүрік жылы» жарияланды, Ататүріктің жүз жылдығы туралы резолюция қабылданды, Ататүрікті «отаршылдыққа және империализмге қарсы күрестің көсемі» деп сипаттап, «әлемдегі адамзаттың өзара түсінісуі мен ұлттардың баянды ынтымағын нәсихаттаушы және адамзаттық үйлесім мен берекеге бүкіл өмірін арнаушы» деп таныды. Ататүрік құрметіне Түркияда және әлем елдерінде көптеген ескерткіштер ашылған. Грекияның бұрынғы премьер-министрі Элефтериос Венизелос Ататүріктің есімін 1934 жылғы Нобель сыйлығына ұсынған болатын.

Өмірбаяны Отбасы және балалық шағы нобай|350x350 нүкте|Қарындасы Макбуле, анасы Зүбейде ханым, Мұстафа Кемалдың өзі. Мұстафа Кемал Османлы империясындағы Сәләник қаласында дүниеге келген. Туған кездегі толық есімі – Әли Ризаұлы Мұстафа. Әкесі – Әли Риза Ефенді ұлты албан, анасы – Зүбейде ханым. Балам батыр болсын деген ырыммен әкесі Мұстафаның бесігінің үстіне қылыш ілген екен. Мұстафа Кемалдың нақты қай күні туғаны белгісіз. Оның себебі, Османлы империясында екі түрлі күнтізбе қолданылған: һиджри және руми. Оның туған жылы 1296 жыл деп тіркелді де, қай күнтізбе бойынша екендігі айтылмады. 1296 жыл қазіргі жалпы қолданыстағы күнтізбенің 1880–1881 жылдарына сәйкес келеді. Мұстафа Кемалдың өзінің айтуынша, анасы оған көктемде туғансың деп айтқан, ал қарындасы Макбуле Атаданның айтуынша, аналары Мұстафа қыстыгүні боран тұрған кезде түнде туғансың деп хабарлаған. Тарихшы Решит Саффет Атабиненнің ұсынысынан кейін Ататүріктің өзі туған күні ретінде Түрік тәуелсіздік соғысы басталған күнді, яғни мамырдың 19-ын қабылдады.

Сәләнік пен Манастырдағы әскери мектептерде оқыған. 1895 жылы Манастырдағы Османлы әскери академиясына оқуға түсті. Мұстафа Кемал Латифа Ұшақлыгілге үйленген. Ол 3 жыл отауласқаннан кейін ажырасты. Ататүрік жеті қыз бен бір ұл асырап алған. Бос уақытында кітап оқуды, атқа мінуді, шахмат ойнауды және суда жүзуді ұнатқан. Биге әсіресе құмар болған; вальс пен халықтық «Зейбек» би мәнеріне әуес болған. Мұстафа Кемал көптеген кітап жазып, жеке күнделік те жүргізген.

Әскери қызметі

Бастапқы кезең, 1905–1914 жылдар thumb|left|Штаб капитаны Мұстафа Кемал. 1907 жыл 20 маусым.

Мұстафа Кемал әскери оқу орнын 1905 жылы лейтенант әскери шенімен тәмамдап, Дамаскіде орналасқан 5-ші армияға жолданды. Ол сонда Vatan ve Hürriyet («Отан және азаттық») деген реформашыл офицерлердің құпия революциялық қоғамына мүше болып, османлы сұлтаны ІІ-ші Абдулхамидтың автократиялық билігінің қарсыласына айналды. 1907 жылы ол капитан шенін алып, Манастырдағы 3-ші армияға жолдау алды. Осы кезеңде ол Жас түріктер деген атпен де белгілі Бірлік және прогресс комитетіне (БПК) кірді. 1908 жылы Жас түріктер ІІ-ші Абдулхамид сұлтанды тақтан тайдырып, билік басына келді. Мұстафа Кемал жоғарғы әскери басшылардың біріне айналды. БПК-ның ең алғашқы мүшелерінің бірі ретінде ол да 1908 жылғы революцияға қатысты. Бірақ кейінгі жылдары БПК-ның жетекшілері жүргізген саясатқа қарсы бола бастап, кейде тіпті сынға алып та жүрді. Оның үстіне Мұстафа Кемалдың Енвер пашамен қатынастары да нашарлап кетті. Ақырында Енвер паша 1913 жылы ең жоғарғы әскери лауазымға ие болған соң Мұстафа Кемал биліктен шеттетілді.

1910 жылы Ататүрік Франциядағы Пикардия әскери маневрлеріне қатысты. 1911 жылы Ыстамбұлдағы Соғыс министрлігінде (Harbiye Nezareti) қызмет етті. Сол 1911 жылы ол Траблусгарб уәлаятына (қазіргі Ливия мемлекетінің жерінде) италиян әскерлеріне қарсылық ұйымдастыруға жіберілді. Тобрук қаласын табысты қорғағаннан соң ол 1912 жылғы наурыздың 6-сында Дернедегі әскердің қолбасшысы болып тағайындалды.

Мұстафа Кемал Ыстамбұлға 1912 жылғы қазан айында, Балқан соғыстары басталып кеткеннен кейін оралды. Бірінші Балқан соғысында ол Фракияның жағалауындағы Галлиполи мен Болайырда Бұлғарстан әскерімен соғысты. Екінші Балқан соғысының кезінде Едірне мен Дидимотейхоны қайтаруда маңызды рөл атқарды. 1913 жылы ол Софияға жіберіліп, сонда әскери атташе болып тағайындалды. Бұның себебі – Әнуар паша Мұстафа Кемалды өзінің бақталасы ретінде қарастырып, оның Ыстамбұлдағы саяси ықпалының күшейіп кетуінен қауіптенген болатын. 1914 жылғы наурызда Софияда жүрген кезінде ол подполковник әскери атағын алды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс Софиядағы қызмет кезінде Мұстафа Кемал Түркияның соғысқа Германияның одақтасы ретінде қатысуын қатты сынға ала бастады. 1914 жылғы шілденің 6-сында ол Ыстамбұлдағы соғыс министрлігіне соғыс бастала қалған жағдайда Түркияның бейтараптық саясатын ұстанып, кейінірек соғысқа Германияға қарсы кірісу керектігі туралы ұсыныс жасап хат жазды.Kinross, Atatürk: The Rebirth of a =, 60 Алайда соғыс министрі Енвер паша Германиямен одақтасуды дұрыс көріп, екі үкіметтің арасында одақ құру туралы құпия келісім жасалды. Соның нәтижесінде Османлы империясы Бірінші дүниежүзілік соғысқа Германияның одақтасы ретінде енді.

Галлиполи шайқасы, 1915–1916 thumb|солға|200px|Мұстафа Кемал Галлиполи шайқасының кезінде жағалауға келіп түскен Антанта әскерлерінің барлығын дерлік талқандаған 19-шы дивизияға қолбасшылық етті. Дарданелл бұғазын қорғауға арналған 5-ші армияны басқаруға неміс маршалы Отто Лиман фон Сандерс тағайындалды. Мұстафа Кемалға сол 5-ші армияның құрамына енгізілген 19-шы дивизияны ұйымдастырып, оған басшылық ету міндеті жүктелді. Ал 1915 жылғы қаңтардың 8-інде Британия соғыс кеңесі «Галлиполи түбегін зеңбірекпен атқылап, Ыстамбұлды қолға түсіру мақсатымен басып алу» үшін соғыс оперциясын бастап жіберді.

thumb|200px|Галлиполи операциясының кезінде жауынгерлеріне басшылық етіп жүрген Мұстафа Кемал, 1915 жыл. Дарданелл бұғазының жағалауындағы қорғаныстарды бұзып-жарып өтіп Ыстанбұлға шабуыл жасау тапсырмасын Британия соғыс кемелері орындай алмады. Сол себепті британиялықтар флотының қимылдарына қолдау болсын деп құрлыққа түсу операциясын бастады. Бұл операция 1915 жылғы сәуірдің 25-інен 1916 жылғы қаңтардың 9-ына дейін орын алды. Галлиполиде орналастырылған Мұстафа Кемалдың басшылығындағы дивизия түбекті басып алмақ болған Антанта әскерлерімен бетпе-бет келіп соқтығысты.

1915 жылғы сәуірдің 15-інде Аустралия және Жаңа Зеландияның әскерлері (АНЗАК) Анзак қойнауында жағалауға келіп түсіп, ішкеріге басып кіруге бет алды. Бірақ көп ұзамай олар Мұстафа Кемалдың қолбасшылығындағы түрік әскерінің қарсы шабуылына ұшырады. Мұстафа Кемал жау әскерлерімен төбелерде кездесіп, оларды тоқтатып, биіктіктерді қайтадан қолға түсірді. Оның әскери басшылығының арқасында АНЗАК әскерлері тоқтатылып, жағалауға түсуде қарастырылған әскери мақсаттар орындалмай қалды.

Екі әскердің соқтығысуының алдында Мұстафа Кемал өзінің сарбаздарына мынадай бұйрық берді:

Түн түскенге дейін АНЗАК әскерлерінің шығыны 2000-ға жетіп, олар енді теңізге ығыстырылып тасталмай, жағалауда қалу үшін ғана соғыса бастады. Содан кейінгі екі аптаның ішінде Антанта әскерлері жағалауда қалып, әскердің үштен бірінен айырылды. Мұстафа Кемал операцияның бастапқы кезеңіндегі Чунуқ Баир шайқасында қарсылас әскерін тоқтатып полковник әскери дәрежесін алған болатын. Галлиполи операциясының екінші кезеңі тамыздың 6-сында басталды. Соның кезінде қолбасшы Мұстафа Кемал қызметтерін көбінесе алғы шептен 300 метр ғана қашықтықта атқаратын. Осы операцияның Чунуқ Баир, Юсуфчук тепе, Сары Баир сияқты шайқастарында түрік әскерлеріне басшылық етті.

thumb|200px|Анзак қойнауы ескерткішіндегі Ататүріктің сөздері. Галлиполи операциясының он айында түріктерден қорғанумен болып, тырп ете алмаған Антанта әскерлері үшін бұл операция ауыр жеңіліспен аяқталды. Ақыры Антанта басшылары операцияны тоқтатып, әскерді шығаруға шешім қабылдады. Аман-есен кете алғандарының өзі олар үшін ең зор олжа және табыс болды. Османлы империясының жағында соғысқан 5-ші армияның басшысы Отто Лиман фон Сандерс және бірнеше басқа түрік қолбасшылары зор табысқа жетіп, көзге түсті. Алайда Мұстафа Кемал өзінің ерекше үздік әскери қолбасшы екенін іс жүзінде көрсетіп зор даңққа бөленді. Шайқастың кезіндегі ерлігі мен жеңімпаздығы үшін ол өзінің бұрынғы қарсыластарының да құрметіне ие болды. Аустралияның Канберра қаласында өткізілетін АНЗАК әскерлерін еске алу парадында Мұстафа Кемал Ататүріктің есімі де зор құрметпен аталады. Оның қаза тапқан мыңдаған түрік және АНЗАК әскерлерінің құрметіне сөйлеген сөзіндегі мына сөздер Анзак қойнауы ескерткішінде тасқа ұрылып жазылған:

1916–1917 жылғы Кавказ жорығы Мұстафа Кемал – жаңа қызметке тағайындалған кезде османлы әскері үздіксіз алға басып келе жатқан генерал Товмас Назарбекянның басшылығындағы орыс әскерімен, Андраник Торос Озанянның басшылығындағы армян еріктілері қосынымен және армян қарулы азаматтарынан құралған әскери топтармен бетпе-бет тұрған болатын. Ван қарсылығынан кейін Арам Манукянның басшылығымен Арменияның уақытша үкіметі құрылды. Армян үкіметінің билігі Ван көлінің жағасында алғашқы пайда болған кезінен біраз кеңіген болатын. Бітліс шайқасы мен Мұш шайқасы да басталып кеткен еді. Кемал келген кезде бей-берекет жағдайдың қалыптасқанын көрді. Жылдың ең жайлы кезеңдерінде де ондағы ауа райы қатал болатын. Байланыс және әскерді қамтамасыз ету жолдары бас көтерушілердің шабуылдарына ұшырап жатты. Жүздеген мың босқындар, олардың көпшілігі армян қосындарымен жауласқан күрдтер, алға басып келе жатқан орыс әскерлерінен бас сауғалап босып келе жатқан еді.