Катаринский Василий Владимирович“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9 (20.5.1846 – 1902, Ресей, Орынбор) – орыс шығыстанушысы, ағартушы, миссионер. 1864 – 72 жылы Қазан қаласындағы діни семинарияны, кейін діни академияны бітірген. 1872 – 75 жылы Чебоксары қаласындағы уч-щеде бақылаушы, оқытушы қызметтерін атқарған. 1875 жылы 20 қыркүйектен бастап Орынбор округінде татар, башқұрт және қазақ мектептері жөніндегі округтік инспектор болып тағайындалып, осы жұмысты ұзақ жылдар бойы атқарды. Оған қосымша діни мектептердегі оқу-тәрбие жұмысының барысын бақылап отыру тапсырылады. Ы.Алтынсариннің оқу ісі саласындағы идеяларын қолдап, оның іске асуына тікелей көмектесті. 1879 жылы Алтынсарин Торғай уезінің мектеп инспекторы міндетін атқара бастаған кезден кейін, олардың қарым-қатынасы, кездесуі мен хат жазысуы жиілей бастайды. Торғайда облысы және ауылдық уч-щелер мен мектептердің ашылып, қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Ырғыздағы қыздар училещесі мен Орскідегі қазақ оқытушыларын даярлайтын мектепке қамқоршы болды. 1893 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебі оқушыларының Мәскеуге экскурсияға баруын ұйымдастырған да Катаринский еді. Орынбор оқу округіне қатысты оқу-ағарту істерімен байланысты құжаттар даярлап, олардың жүзеге асуына ерекше көңіл бөлді. “Положение об аульных русско-казахских школах Тургайской области”, тағы басқа ресми құжаттардың авторы (редакторы) болды.
Қазақ мектептері үшін орыс тілінде “Қырғыздарға арналған әліппе” (“Букварь для киргиз”), “Қырғыздарға арналған орыс тілінің бастапқы оқулығы (“Первоначальный учебник русского языка для киргиз”) атты оқу құралдарын (1894) жазды. Қазақ тілінің грамматикасын жазып, сөздігін жасауға да қатысты. 1897 жылы “Қырғыз тілінің грамматикасы” (“Грамматика киргизского языка”, Орынбор, 1897) мен “Қырғыз-орыс сөздігі” (“Киргизско-русский словарь, Оренбург, 1897) басылып шықты. Сондай-ақ, “Қырғыз мақалдарының жинағы” (“Сборник киргизских пословиц”), ”Қырғыз этнографиясы жөніндегі материалдар” (“Материалы по этнографии киргиз” Орынбор, 1899) құрастырды. Ол христиандық діни кітаптарды қазақ тіліне аударып бастырып (“Ізгі Иосиф”, “Ізгі ғайыб”), қазақ-орыс мектептеріне оқулық ретінде ұсынып, миссионерлік іспен де шұғылданды.Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3 Дереккөздер:
Санат:Тұлғалар