Қазақтар — Орталық Еуразияны мекендейтін түркітілдес этнос және ұлт. Дешті-Қыпшақ даласын мекендеген көптеген этностар мен этно бірлестіктердің өзара араласуының нәтижесінде қалыптасты. Қазақтар ретінде Қазақ хандығының құрылуымен белгілі бола бастады. Тілдік құрылымы жағынан Түркі тілдес халықтардың солтүстік-батыс қыпшақ тобына жатады. Қазақ тілінде сөйлейдi.

Қазақтар Қазақстанмен көршілес Моңғолия (Баян-Өлгей аймағы), Қытай (Іле Қазақ аутономиялық облысы), Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан елдерінің жерін бірыңғай қоныстаған. 2023 жылдың басында елдегі қазақтар саны 13,9 миллион адам болды.

thumb|right|300px|2022 жыл басындағы Қазақстан облыстары бойынша қазақтар үлесі

Этнонимі

Қазақтардың өзін «қазақ» деп XV ғасырда бастағаны мүмкін делінеді. Қазақ сөзінің шығу тегі жайлы түрлі теориялар бар.

Бір ғалымдар тобы «қазақ» сөзі «сақ», «қас-пи», «қас», «қаз», «хаз», «аз», «қа-сақ» ру атауларынан шыққан десе, Николай Марра, Бедржих Грозный, Әлкей Марғұлан, Мұсатай Ахинжанов пен Сәбит Мұқанов этнонимді «қасақ», «кесек» сөздерімен байланысты деді. Айтым Әбдірахманов этнонимның төркіні «қаз» бен «оғ» (түркі тілдерден ру, тайпа сөзі) сөздерінен шыққан деген. Түрлі деректер сөздің «қас» пен «сақ» қосындысы, не «ерікті адам» аудармасынан шықты деп жазған.

Қазақ үшін балама әрі тарихи этноним – Алаш. Бұл атау қазақ мәдениетінде көп тараған. Көбінесе Алаш – қазақтардың аумақтық-тайпалық бөліністерінен тұратын үш жүздің тобы. Бұл сөзді қазақ тіліне синоним ретінде қолдануға болады.А.А.Қаратаев. «Алаш» этнонимін ноғайлар қазақтарға қатысты да қолданған.

Этногенезі

Қазақ халқының қалыптасуы да өзге халықтар сияқты ұзақ уақытты қамтиды. Оның алғашқы кезеңі сонау арийлер мен турлар заманынан бастау алады. Келесі кезеңді Ғұндардың келуімен күшейе түскен түркілену біртіндеп кең етек жаяды. Түркі, Батыс Түркі, Түркеш қағандықтар тұсындағы өмір сүрген тайпаларда бұл аймақта этникалық қауымдастықтың қалыптасуына зор үлес қосты. Шыңғыс ұрпақтарының мемлекеттері құрылуына дейінгі аралықта қазақ даласында орын алған Батыс Түрік қағандығына дейінгі мемлекеттер түркіленуді бұрынғыданда күшейтті.

Қазақ халқының қалыптасуына қомақты үлес қосқан қыпшақ кезеңі. III ғасырдан XIII ғасырға дейін қыпшақ этносы этникалық дамудың әр түрлі бес жағдайында Ішкі Азиядағы тайпадан Қазақ даласында қазақ халқының қалыптасуының аяқталу кезеңіне дейінгі аралықты қамтыды. Қазақ даласында пайда болған Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстарында ақ сүйектер билігі орнағанымен олар біртіндеп түркіленді, тіпті жергілікті халықтың тілін қабылдады. Бір аймақта өмір кешкен тайпалар мен рулардың шаруашылығының үш түрі негізінде ортақ экономикасы, тілі , мәдениеті қалыптасты. Қажеттіліктен туындаған бұл алғы шарттар аймағы жағынан ортақтас болған тайпалармен рулардың бірігуін тездетті.

Қазақ халқының құрылуына моңғол шапқыншылығынан кейін қайта өрлей бастаған дәстүрлі шаруашылық, көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығының, отырықшы егіншіліктің үйлесуі ықпал етті. Қазақ даласында ертеден өмір сүріп келе жатқан және түрлі саяси жағдайларға байланысты көшіп қону процесінің күшеюі нәтижесінде қоныс тепкен тайпалар болып топтастырды, кейін келешекте «қазақ» деген этникалық ортақ атауға ие болды.

Қазақ халқының ру-тайпалық құрылымы

Қазақ халқы іргелі үш жүз құрамынан тұрады. Олар: Ұлы жүз – Ақарыс Орта жүз – Жанарыс Кіші жүз – Бекарыс

Рудың өзінің көшіп-қонатын аумағы, рулық таңбасы, ортақ ұраны болған. Қазақ жүздерін, үлкен тайпалар мен руларды басқаруда билер кеңесі үлкен рөл атқарды. Жергілікті жердегі билікті билер, ру ақсақалдары жүргізді.

Мемлекеттік істерді бүкіл үш жүздің билік өкілдері жиналған құрылтайда, халық жиналыстарында шешті. Ел ішіндегі істерді: ру, тайпа, жүздер арасындағы жер дауын, жесір дауын, үлкен барымталар дауын үш жүздің басы қосылған үлкен астарда да шешіп отырды. Қазақтың әр жүзінің өзі үлкен тайпалардан тұрады (рудан үлкен, бірнеше рудың бірлестігі болып табылатын этностық құрылымды тайпа деп атап жүрміз).

Шын қандас туыстық жүйе көбінесе 7 атадан басталып, 15–20 атаға дейін барады. Әдетте, мұндай туыстық жүйе ру деп аталады. Рудың ішіндегі жақын туыстар деп 7 атаға дейінгілер есептеледі.

Нәсілі

Қазақтар еуропалық нәсілі мен моңғолоид нәсілі арасында өтпелі орынды алатын (моңғолоид белгілері басым), тұрандық-оңтүстік сібірлік нәсілге жатады. Сонымен қатар, қырғыздар мен өзбектерге қарағанда, қазақтардың сыртқы келбетінің бірыңғай стандарты жоқ. Мұнда еуропоид халықтары тұрпатыда бар, толығымен моңғолоид тұрпаттылар да бар.

Тарихы

нобай|оңға|Сұңқар ұстаған қазақ аңшысы, XIX ғасыр

Тарихы бойы Қазақстанда Еуразия даласының түрлі көшпенді қоғамдары мен мемлекеттері орналасты. Олардың арасында сақалар (скифтерге туыс), Ғұндар мемлекеті, Батыс Түрік қағанаты, Қимақ қағанаты, Моңғол империясы, Алтын Орда мен 1465 жылы негізделген Қазақ хандығы жатты.

Түркілердің шығу тегі түрлі талқының тақырыбы болып жатады. Орталық Азияға қоныс аударған ерте ортағасырлық түркі халықтары ежелгі солтүстік-шығыс азиялықтармен генетикалық жақындық танытты, олардың ата-тегінің шамамен 62%-ы Амур аймағындағы неолит дәуіріндегі аңшы-жинаушылардың генофондынан алынған. Сондай-ақ Иран, Орал таулары, Енисей халықтарымен байланысы туралы деректер бар. Қазақтар этнотілдік топ ретінде XV ғасырдың басында Солтүстік Орталық Азиядағы негізінен түркі тілдес көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын бірнеше топтардың конфедерациясынан пайда болды. Қазақтар Орталық Азияның солтүстігінде және Сібірдің оңтүстігінде Қазақ даласы деп аталатын кең аумақты мекендеген. Олар — Орталық Азияның ең солтүстік халқы. Тайпалық топтар Ұлы Жібек жолы көмегімен байыған қуатты конфедерация құрды.

Шоқан Уәлиханов пікірінше қазақтар Алтын Орда ыдырауы кезінде Қазақ хандығын еркіндігін және жерін сақтау үшін құрған.

«Қазақ» ортағасырдағы Орталық Азияда көп қолданылған термин болған. Ол көбіне мәртебеліден тәуелсіздік алған адамды, не адамдар тобын сипаттайтын. Әмір Темір жетекшісіз балалығын Қазақлық (qazaqliq, қазақтық) деген.

XV ғасырлық Орталық Азиядағы Жошы ұлысының (Алтын Орда) көшпенділері Өзбек хан тұсында бірге мұсылманданды да, өзбектер делінді. Осы өзбектер (мәскеуліктер мен османдар оларды татар дейтін) түрлі түркі мен моңғол тайпаларынан құралған еді. XVI ғасыр басына қарай Алтын Орданың Қыпшақ даласындағы осы халық арасынан қазақтар мен шибанид өзбектер бөлініп шықты. Қазақтар Шыңғыс ұрпағы басқарған ұлыстарға тиесілі болатын. Олармен қатар шибанид өзбектер, Қырым татарлары, ноғайлар мен шағатайлар (моғол мен тимуридтер) жүрді. Олардың ортақ тілі (түркі тілі), саяси ұстанымы (моңғол дәстүріне негізделген), билеуші әулеті (Шыңғыс хан әулеті), этностық сәйкестігі, діні (сунни ислам) болған. Моңғол империясынан кейінгі осы ұлыстар Қырымнан Тянь-Шань тауларына дейін және Сібірден Солтүстік Үндістанға дейінгі аймақтарға билік еткен.

Мұхаммед Хайдар Дулатидің Тарих-и Рашиди еңбегі қазақтардың тұңғыш одағы 1465/1466 жылы пайда болды деген. Одақ Моғолстан жерінде орналасты және Узбег-Казак деп аталатын.

Тілі

Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына, соның ішінде қарақалпақ, ноғай, қарашай тілдерімен бірге қыпшақ-ноғай тармағына жатады. Ұқсастығы жөнінен қырғыз, татар, башқұрт, қарашай-балқар, құмық, қарайым, қырымтатар тілдеріне жақын. Қазақ тілі, сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия жəне т.б. елдерде тұратын қазақтардың ана тілі. Қазақ тілі – өзіндік әдеби, ғылыми және саяси жазу нормасы қалыптасқан бай тіл.

Қазақтар өзінің халық, ұлт болып қалыптасу жолын көне түркілер заманынан бастаса, оның жазу мәдениетінің тарихы да сол дәуірден бастау алады. Ол кездегі түріктердің тілін қолданылу барысына қарай, әдетте, тіл мамандары үш кезеңге бөліп қарастырады: а) тукю тілі қолданылған дәуір (V-VIII); ә) көне ұйғыр тілі қолданылған дәуір (VIII-IX); б) көне қырғыз тілі қолданылған дәуір (X-XI). Осы кезеңдер ішінде Орхон-Енисей жазу ескерткіштері жазылған, ежелгі ұйғыр жазуының үлгілері пайда болып, оғыздар мен қыпшақтардың аралас әдеби тілі жасала бастаған.

Жазуы X-XI ғасырлардан бастап қолданыла бастаған араб жазуы түркі халықтары тілдерінің ерекшеліктеріне сәйкестендірілмей, арабтарда қалай қолданылса, сол қалпында өзгеріссіз түркі тілдерінде де қолданылды. Бірақ соған қарамастан ол оншақты ғасыр бойы түркі халықтарының, соның ішінде, қазақ халқының да мәдени-рухани дамуына қызмет еттіп келді. Қазақ грамматикасының дамуы, оның бірнеше рет өзгеріске түсуі ХХ ғасырдың бас кезінен басталады. Бұл өзгерістерді мынадай үш кезеңге бөлуге болады: Араб графикасын түркі халықтары тілдіренің дыбыстық жүйесіне сәйкестендіріп қолдану кезеңі; Араб графикасынан латын графикасына негізделген жазуға көшу кезеңі; Латыннан кирилл жазуына көшу.

1929 жылы қазақ жазуы араб әліпбиінен латын графикасына түпкілікті көшті, алайда латын әліпбиінің тағдыры ұзаққа бара қоймады. Ол 1929 жылдан 1940 жылға дейін пайдаланылды. 1940 жылы кириллицаға көшкеннен кейін русификацияға, яғни орыстандыру саясатына қатты ұшырап, Қазақстанда кириллица біржола тұрақтап қалды.

Кириллица графикасы негізіндегі қазіргі заманғы жазу (Қазақстанда ресми): Aa Әә Бб Вв Гг Ғғ Дд Ее Ёё Жж Зз Ии Йй Кк Ққ Лл Мм Нн Ңң Оо Өө Пп Рр Сс Тт Уу Ұұ Үү Фф Хх Һh Цц Чч Шш Щщ ъ Ыы Іі ь Ээ Юю Яя

Араб жазуына негізделген қазіргі жазу (Қытай Халық Республикасы қазақтарында кең тараған): ء ءى ى ي ۋ ۆ ءۇ ۇ ءو و ہ ھ ن ما ل ڭ گ ك ق ف ع ش س ز ر د ح چ ج ت پ ب ٵ ا

Діні

Қазақтар ислам дiнiнiң суннизм бағытын қабылдаған. Қазақ даласына ислам діні келместен бұрын біршама тайпалық, ұлттық діндер болған, шаманизм, зороастризм және бір тәңірлік діндердің болғаны белгілі.

Қазіргі уақыттағы Қазақ даласына исламның таралуы бірнеше ғасырларға созылды. Бастапқыда жаңа дін оңтүстік өңірлерге ене бастады. X ғ. аяғына қарай ислам Жетісу мен Сырдариядағы отырықшы халықтың басты дініне айналды. X ғ. басында мұсылмандықты Қарахан әулеті билігінің негізін қалаушы Сатұқ қабылдайды, ал оның ұлы Боғра-хан Харұн Мұса 960ж. Исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Сол уақыттағы Қарахан мемлекетінің басқару жүйесі, заңдылықтарының барлығы Исламға негізделген.

Әбу Ханифа жол салған суниттік ағым басқаларына қарағанда көнімпаз, басқа халықтардың әдет-ғұрып заңдарына бой ұсынғыш болуы себепті қазақ тайпаларына да өте тиімді болды. Сондықтан да қазақтардың әдет-ғұрпы өз кезегінде ислам діні шариғат заңдарын кері итеріп тастамай, қайта феодалдық қарым-қатынастың жандануына игі әсер ететін шариғат заңдарын қабылдап алды. Сөйтіп, екі наным ұзақ мезгіл бойы бір-біріне зиян келтірмей, қатар өмір сүрді. Сол себепті де қазақтардың әдет-ғұрпы көбіне өзінің бұрынғы болмысын сақтап қалды. Билер қазақтардың қоғамдық маңызы зор мәселелерінің көпшілігін ежелден келе жатқан бұрынғы ата-бабалары әдет-ғұрып заңдары бойынша талқылап шешті. Ал өз кезегінде араб миссионерлері де қазақ тайпаларының тілін, әдет-ғұрпын, сенімдерін, праволық нормаларын, мәдени жетістіктерін лақтырып тастамай, санасуына тура келді. Бұлардың бәрін исламға қайшы келмейтіндей етіп, қырын жатқызуға тырысты. Әйтсе де, ұзақ дәуірлер бойы ислам діні қазақтардың ежелгі әдет-ғұрыптарын ығыстыра алмады.

Қазақ халқының дәстүрлі шаруашылық түрлері

ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақтардың негізгі дәстүрлі шаруашылығы мал және егіншілік қазақтың күнкөрісінің көзі болды. Шаруашылықтың қосымша қосалқы түрі аңшылық пен балықшылық болды. Балықшылық пен аңшылықты негізінен кедейлер кәсіп етті. Аңшылықпен бай адамдар да айналысқан, бірақ олар үшін бұл кәсіп емес , саят құрудың көңіл көтерудің түрі болған. Сыр, Ертіс, Еділ, Жайық сияқты үлкен өзендердің, Каспий, Арал теңізі, Балқаш, Алакөл, Зайсан сияқты көлдердің маңайында тіршілік еткен қазақтар ертеден –ақ балықшылықты кәсіп еткен.