Азутау – Марқакөл көлінің оңтүстігін бойлай орналасқан Оңтүстік Алтайдағы жота. Ұзындығы 44 км, ені 22 км, ең биік жері 2384 м.
Геологиялық құрылымы Төменгі және орта девонның қышқыл шөгінділерінен, жоғарғы девонның габродиориті мен пермь граниттерінен түзілген.
Жер бедері Азутау күмбез тәрізді, төбесінен су айрығы айқын байқалатын жота. Тік құлама болып келген солтүстік беткейі Марқакөл көліне тіреліп жатыр.
Климаты Климаты континентті, қысы қатаң да қарлы (қаңтар айының орташа температурасы — 26о С), жазы қоңыржай ылғалды (шілде айының орташа температурасы 16о С). Жылдық жауын-шашын мөлшері 600-700 мм.
Өсімдігі Жота Марқакөл қорығының құрамына енеді. Солтүстік беткейінің шалғынды дала белдеуінде (1450 — 1600 м) әр түрлі астық тұқымдасты шалғындар, оңтүстік беткейінде далалық бетегелі-шалғынды шөптер өседі. Таулы-тайгалы белдеуде (1450 — 1900 м) балқарағайлы тоғайлар басым. Белдеудің солтүстік беткейінің жоғарғы бөлігін самырсынды және теректі тоғай қамтып жатыр. Өзен аңғарларында шыршалы тоғайлар кездеседі. Субальпілі белдеу (1900 — 2000 м) биік шалғынды шөптермен және альпілік шалғындармен көмкерілген. Азутауда дәрілік өсімдіктер (алтын тамыр, марал тамыры) көп өседі.Қазақ энциклопедиясы
Дереккөздер
Санат:Күршім ауданы таулары