Қазақ ғылыми-зерттеу иституттары және академиялары
Қазақ астық және оның өнімдерін өңдеу ғылыми-зерттеу институты
Қазақ астық және оның өнімдерін өңдеу ғылыми-зерттеу институты агроөнеркәсіп кешені және нан өнімдері жүйесі салаларында ғылыми-техникалық прогресті жеделдетуге бағытталған зерттеулерді жүргізетін мекеме.Қазақ астық және оның өнімдерін өңдеу ғылыми-зерттеу институты. Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі қарамағында. Бүкілодақтық астық және оның өнімдерін өңдеу ғылыми-зерттеу инститтының Қазақ бөлімшесі болып 1958 жылыЦелиноград (қазіргі Астана) қаласында құрылған. 2002 жылдан Астық шаруашылығын механикаландыру ғылыми-өндірістік орталығына қарасты мемлекеттік еншілес кәсіпорын. Құрамында: элеватор кәсіпорнының техникасы мен технологиясы, астық кептіру техникасы мен технологиясы, астық өңдеу өнеркәсібінің техникасы мен технологиясы, астық және астық өнімдерінің сапасы, астық және астық өнімдерінің микробиологиясы лабораториялары; өндіріске енгізу, маркетинг және патенттік іздеу секторы; жобалау-тәжірибелік базасы болды (2003). Институттың негізгі мақсаты – агроөнеркәсіп кешені және нан өнімдері жүйесінде ғылыми-техникалық прогресті жеделдетуге бағытталған іргелі және қолданбалы зерттеулерді жетілдіру. Негізгі ғылыми бағыттары: жиналған астықты өңдеу, ұқсату техникасы мен технологиясын және астық сапасын бағалауды жетілдіру, астық өңдеуге қажетті арнаулы жабдықтардың жаңа түрлерін жасау, қолданылып жүрген жабдықтарды жетілдіру; шағын қуатты диірмендер жасау; Қазақстанда өсірілетін астықтың сапасын зерттеу, оның технол. және тағамдық қасиеттерін бағалау; өсімдік шаруашылығының диверсификациясына (өзгеруіне) орай, республика аймақтарының нақты жағдайларына бейімдеп, астық дақылдарын қайта өңдеу технологиясын жасаудың теориялық негіздерін әзірлеу; астық және оның өнімдерін микроорганизмдермен (олардың метаболиттерімен) араласуын (контаминация) анықтау бойынша экспресс тәсілдерді жасау және негізгі дақылдардың дәндері мен оның өнімдерін микробиологиялық ластанудан сақтандыру және микротоксиндерді залалсыздандыру; биотехнология үшін маңызды микроорганизмдер штаммдарының бірегей коллекциясын жиыстырып, оларды сақтау тәсілдерін әзірлеу. Институт бір технологиялық Оралым барысында кез келген дәрежедегі астық дәнін кептіріп әрі оны өзге қоспалардан тазартып шығаратын «Целинная» дән кептіргішін жасады. Оның 40-тан астам түрлері республиканың кәсіпорындарында өндіріске енгізілді. Астық қоймаларында атқарылатын жұмыстарды кешенді механикаландыру мақсатында аэрогравитациялық және аэродинамик. құрылғылардың сериясы әзірленіп, іске қосылды. Астық дәніндегі белоктық затты (клейковина) ажыратуға арналған МОК-1 және МОК-2 құралдары, астық сапасын бағалауға арналған отандық инфрақызыл сәулелік талдағыш жасалды.
Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты
А.И.Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты – республиканың астық өндіретін аудандарында дәнді дақылдар егу жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіріп отыратын мекеме.Ол егістіктердегі топырақ қорғау жүйесін жасау ісіне басшылық етеді. Қазақстан Республикасы Астық шаруашылығының министрлігінің қарамағында. Целиноград (қазіргі Ақмола) облысындағы Шортанды астық шаруашылығы тәжірибе станциясы негізінде 1956 жылы құрылған. 1961–92 жылдары Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, 1992–2002 жылдары Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылды. 1998 жылдан институттың құрамына Көкшетау бөлімшесі (бұрынғы Көкшетау астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты) беріліп, 2002 жылдан Астық шаруашылығын механикаландыру ғылыми-өндірістік орталығының құрамына енді. Институт құрамына: егіншілік (ауыспалы егіс, танапты дақылдар агротехникасы және өсімдік өсіру диверсификациясы, топырақ өңдеу, дақылдарды өсіру технологиясын модельдеу, өсімдік қорғаудың химиялық және агротехникалық әдістері лабораторияларын біріктіреді), агрохимия; топырақ құнарлылығы және топырақты химиялық талдау (топырақ химиясы, топырақ құнарлылығы лабораториялары), жемшөп өндіру (шалғындық жемшөп және мал азығын егістікте өндіру лабораториялары), механикаландыру (топырақ өңдеу және тұқым себу машиналары, жиналған астықты өңдеу, тұқым өсіру және сұрыптауды механикаландыру лабораториялары) және агроландшафттық технология бөлімдері бар. Институттың селекциялық орталық құрамына жұмсақ бидай, қатты бидай мен жемдік дақылдар селекциялары, тұқым шаруашылығы бөлімдері кіреді. Институттың құрамында бұдан басқа дербес бөлімдер: дәрілік өсімдіктерді егіп өсіру технологиясы мен интродукциясы, өсімдіктер биохимиясы және астық шаруашылығының экономикасы лабораториялары, тұқымның технол. сапасын бағалау тобы бар. Институттың негізгі ғылыми бағыттары: егіншіліктің аймақтық (Солтүстік және Орталық Қазақстан агроландшафттарының) топырақ қорғау жүйесін жетілдіру; топырақ құнарлылығын арттыру; дәнді және жемшөп дақылдарын өсіру жұмысын механикаландыру; жемшөп дақылдары мен дәрілік өсімдіктердің жаңа түрлерін интродукциялау; орманды-далалық, далалық және құрғақшылық аймақтарға арнап дәнді, бұршақты, жармалық, майлы және жемшөп дақылдарының жаңа, өнімді мол беретін сорттарын шығару. Институтта егіншіліктің топырақ қорғау жүйесін жасап, өндіріске енгізгені үшін 1972 жылы академик А.И.Бараев бастаған бір топ ғалымдарға Лениндік сыйлық берілді. 1988 жылы эрозияға қарсы машиналар кешенін жасағаны және өндіріске енгізгені үшін инженерлер мен ғалымдар тобына КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Институттың ғылыми-зерттеу жұмыстарына үлес қосқан ғалымдар: Бараев, Э.Ф.Госсен, В.П.Кузьмин, М.Қ.Сүлейменов, т.б. Институт ғалымдары Ресейдің бірнеше ғылыми орталықтарымен, Калифорния – Дэвис (АҚШ), Токио және Киото (Жапония) университеттерімен бірігіп ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Институт Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған (1967).
Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институты
Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институты – ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін бас мекеме. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығының министрлігінің қарамағында. 1948 жылы Алматы қаласында құрылған. 1978 жылы қарамағына Аймақтық конструкторлық бюро мен тәжірибелік з-т беріліп, Қазақ ауыл шаруашылығын жарақтандыру ғылыми-өндірістік бірлестігі болып құрылды. 2002 жылдан Ауыл шаруашылығын механикаландыру ғылыми-өндірістік орталықтарының құрамындағы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын. Институт құрамында: ауыл шаруашылығы дақылдарын егу және жинауды механикаландыру, қой шаруашылығы жұмыстарын механикаландыру, мал фермаларын жобалау, жемшөп дайындау жұмыстарын механикаландыру, ауыл шаруашылғында электр қуатын пайдалану, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуді механикаландыру, табиғи қуат көздерін (жел, су, күн сәулесі) пайдалану, ауыл шаруашылығы нормативтерін жасау және машина-трактор станцияларын құруды ғылыми-зерттеулермен негіздеу, ауыл шаруашылғы машиналарын сынақтан өткізу лабораториялары және тәжірибелік машиналарды жобалап жасайтын цех, сынақтан өткен машиналарды шығаратын тәжірибелік з-т, Ақмола облысы Ақкөл қалаларында бөлімшесі бар. 1950 жылдан аспирантура жұмыс істейді. Негізгі ғылыми бағыты – ауыл шаруашылығын өнімдерін өндіруде жаңа технологиялар мен техникалық құрал-жабдықтарды ұсынып, техниканың ғылыми-әдістемелік негіздерін жасау арқылы еңбек өнімділігін арттыру, өнім түсімділігін көбейту. Институтта топырақты жел эрозиясынан қорғау бағытындағы технологиялар жетілдіріліп, машиналар кешені жасалды. Дәнді дақылдарды және жүгері дақылын жинау, шөпті желдеткіш арқылы тез кептіру, шөл және шөлейт аймақтардағы жайылымдардың құнарлылығын арттырудың технологиялары ұсынылды. Жер өңдеу механикасының теориялық негіздері жетілдірілді. Ірі қара мал, қой фермаларында қолдануға арналған мал азықтарын ұсақтайтын, көп құрамды қоспа жем әзірлейтін азық цехтары, қаракөл өнімдерін өңдеудің қалдықсыз технологиялары мен түрлі құрал-жабдықтан тұратын машиналар кешені жасалды. Жаңа техниканы жасап, өндіріске енгізуде қол жеткізген табыстары үшін институт Қазақ КСР-інің «Алтын кітабына» жазылған (1976). Институт мамандары жасаған жаңа машиналар мен қондырғыларға 450-ден астам авторлық куәлік, Қазақстан Республикасының 32 патенті берілді. Институт ғалымдарының 30-ға жуық ғылыми басылымы, 50-ден астам ұсынысы, ауыл шаруашылғын механикаландыру және электрлендіруге арналған 22 ғылыми жинағы жарық көрді. Институтта академиктер М.Р.Алшынбаев, В.А.Голиков, А.П.Грибановский, Л.Сейітбеков, т.б. ғалымдар жұмыс істеді.
Қазақ бассәулет-құрылыс академиясы
Қазақ бассәулет-құрылыс академиясы – жоғары оқу орны. Құрылыс инженері мен сәулет өнері мамандарын, салалық ғылым магистрларын даярлайды. 1980 жылы Қазақ политехникалық институтының және Бүкілодақтық сырттай оқытатын инженерлік-құрылыс институтының сәулетшілік және инженерлік-құрылыс факультеттерінің негізінде Алматы сәулетшілік-құрылыс институты болып құрылған. 1992 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясы болып өзгертілді. 2001 жылдан қазіргі атымен аталады. Академияның сәулетшілік, құрылыс, инженерлік-экологиялық, технологиялық, экономиялық факультеттері бар. Академияда 12 ғылыми доктор, 49 проффессор, 16 ғылыми кандидат, ҚР Ұлттық ғылым академиясының 5 академигі мен корреспондент мүшесі қызмет істейді. Тиісті құралдармен, жабдықтармен, қондырғылармен жабдықталған арнаулы ғылыми-өндірістік кешені, жалпы көлемі 31 мың шаршы метрді құрайтын оқу-тәжірибелік ұстаханалары бар.
Қазақ білім академиясы
Қазақ білім академиясы, Ы.Алтынсарин атындағы – республикалық ғылыми-педгогика және ғылыми-әдістемелік мекеме. 1998 жылы 24 наурызда құрылған. 20 ғасырдың 30-жылдарының басында «Жалпыға бірдей бастауыш білім беру» туралы Заң қабылданып, Қазақстан мектептерінде пәндік оқу жүйесіне көшу басталды. Оқу бағдарламаларын жасау үшін білім беру, тәрбие мәселелерін жетілдіру ісімен айналысатын арнайы ғылыми-әдістемелік орталығы қажет болды. Сөйтіп, 1933 жылы қаңтарда Республикалық Халық ағарту комиссариаты жанынан Педагогика ғылыми-зерттеу институты құрылды.
Алғаш оның құрамында не бары 3 сектор (бағдарламалық-әдістемелік, педагогикалық, политехникалық) болды. Арнайы бағдарламалар жасалып, қазақ тілінде оқулықтар жазу ісіне Ш.Әлжан, І.Кеңесбай, С.Балаубай, І.Жансүгір, М.Әуез, М.Қалыбай, С.Аспандияр, т.б. ат салысты. Оқулықтармен бірге әдістемелік құралдар даярлау ісі қатар жүргізілді. 1938 жылдың аяғында институт Мектептер институты болып өзгерді. Институтта Е.Бекмаханұлы, С.Жиенбай, Ш.Кәрібаай, Р.Лемберг, Н.Сауранбай сияқты белгілі ғалымдар еңбек етті. Халық ағарту комиссариаты мен институт ғалымдарының белсене араласуымен 1940 жылға дейінгі 5–6 жыл ішінде ұлт мектептері төл және аударма оқулықтар кешенімен толық қамтамасыз етілді. Жиенбаевтың «Орыс мектептерінің 6–8-сыныптарына арналған қазақ тілі» (1932–37), Қ.Жұбановтың «Қазақ тілінің грамматикасы» («Синтаксис», 1938), Е.Кротевичтің орыс тіліндегі оқу кітабы (2-сынып), А.Воскресенская мен Л.Головородконың «Орыс тілі» (4-сынып), т.б. оқулықтар жарық көрді. Институт жанынан КСРО Конституциясы, география, физика, математика, жаратылыстану, химия, ән-күй, сурет, дене шынықтыру секторлары ашылды.