Материалдық баланс — белгілі бір түрдегі материалдық ресурстар көлемін және олардың қажеттіліктер мен тұтынушылар бойынша бөлінуін сипаттайтын көрсеткіштер жүйесі. Өзінің мақсаты бойынша өндіріс құрал-жабдығы мен тұтыну заттарының өндірілуін‚ тұтынылуын және қорлануын бейнелейді. Әдетте екі бөліктен тұратын кесте түрінде құралады. Бірінде қолда бар ресурстар (кезеңнің басындағы босалқы қорлар‚ өндірілуі‚ импорты‚ ішкі мүмкіндіктердің жұмылдырылуы‚ т.б.)‚ екіншісінде — олардың бөлінуі (өндірістік-пайдалану мұқтаждарына‚ күрделі құрылысқа‚ резервтердің толықтырылуына‚ экспортқа‚ рыноктық қорға‚ өзге де қажеттіліктерге‚ кезең аяғындағы босалқы қорға бөлінуі) бейнеленеді. Екі бөліктің жиыны тең болуға тиіс. Олардың тең болмауы ресурстардың тапшылығын немесе артылуын көрсетеді. М. б. ағымдағы өндіріс үшін еңбек заттары бойынша (металл‚ мұнай‚ электр энергиясы‚ т.б.)‚ машиналар мен жабдықтар бойынша (автомобильдер‚ тракторлар‚ станоктар‚ т.б.)‚ құрылыс материалдары бойынша (цемент‚ кірпіш‚ шифер‚ т.б.)‚ ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша (көкөніс‚ жеміс‚ т.б.) жасалады. Заттай көрсеткіштер түрінде әзірленеді‚ олардың кейбіреулері өндіріс жоспарын ақшалай тұлғаланған күрделі салыммен және қаржыландыру жоспарымен байланыстыру үшін әзірленеді.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VI том Дереккөздер
Санат:Экономика