right|thumb|240px|Мұхиттарға бөлу нұсқалары Мұхит (Әлемдік мұхит) — гидросфераның негізгі бөлігі. Мұхит, Дүниежүзілік мұхит ( — мұхит, Жерді қоршап жатқан ұлы өзен). Дүниежүзілік мұхиттың үлесіне бүкіл Жер бетінің 3/4 бөлігі немесе 361 млн. км² тиеді.
Жер шарында төрт мұхит бар: Тынық, Атлант, Үнді және Солтүстік мұзды. Кейбір ғалымдар Антарктида маңы суларын бесінші — Оңтүстік мұхиты деп жеке бөледі.
Жалпы мәлімет Жер ғарыштан көгілдір мұхиттар планетасы сияқты болып көрінеді — оның бетінің 70% астамын су басып жатыр. Судың шамамен 97% - ы мұхиттарда жиналған, ол Жер ауданының 360 миллион шаршы км - ді жауып жатыр. Кейбір жерлерде мұхиттың тереңдігі 10 км - ден асады. Сұрақ және Жауап энциклопедия Мұхит құрлықтар мен аралдарды қоршап жатқан Жердің тұтас су қабаты. Аумағы 361,26 млн. км², көлемі 1340,74 млн. км³, орташа тереңдігі 3711 м, ең терең жері 11022 м (Тынық мұхиттағы Мариана шұңғымасы). Дүниежүзілік мұхит құрлықтар арқылы 4 бөлікке бөлінеді: Тынық (50%), Атлант (25%), Үнді (21%) және Солтүстік Мұзды Мұхит (4%). Мұхит Солтүстік жарты шардың 61%-ын, Оңтүстік жарты шардың 81%-ына жуығын алып жатыр. Мұхиттық жарты шардағы судың мөлшері 91%-ды және құрлықтық жарты шардағы мөлшері 53%-ды құрайды. Гидрологиялық режімінде дүниежүзілік мұхит жеке мұхиттарға, теңіздерге, шығанақтарға, қойнаулар мен бұғаздарға ажыратылады; сыртқы шекарасы құрлықтың жағалық сызықтарымен айқын кескінделіп, ішкі шекарасы теңіздермен және оның бөліктерімен бөлінеді. Кейбір зерттеушілер дүниежүзілік мұхитты бес мұхитқа бөледі. Оның шекарасы субтропиктік және субантарктикалық конвергенция сызығы бойымен немесе Ортамұхиттық жоталардың ендік бөлігі бойынша өтеді.Дүние жүзілік су қоры,1360 млн.км³. Мұхиттар 1322000000 км³, мұз жамылғысы мен мұздықтар 29200000 км³, еспе су 8673000 км³, өзен мен көл суы 23250 км³, су булары 13000 км³. Жер шарының үштен екі бөлігін су алып жатыр. Олар өзара бұғаздар арқылы қосылып, Дүниежүзілік мұхитты құрайды.
Мұхит түбі бедері және геологиялық құрылысы Мұхит түбі ауданының басым бөлігі (73,8%-ы) 3 000 – 6 000 м тереңдікте орналасқан. Ол Мұхит қайраңы (шельфi), беткейі, етегі, Мұхит түбі, Мұхит шұңғымасына ажыратылады. Қайраң мұхиттардың шетін бойлай құрлықтың су астындағы жалғасы ретінде 200 м тереңдікке дейін созылып жатады, ені ондаған метрден бірнеше жүздеген км-ге жетеді. Ол Мұхитқа қарай тік кемер жасап континенттік беткейді құрайды. Қайраң құрлық тұғырының төменгі шегі ретінде 2 000 – 2 400 м тереңдікке дейін таралады. Беткей етегінен абиссаль қазаншұңқырларға қарай ені 200 – 300 км болатын континентті етек жалғасады. Мұхиттардың орта тұсынан әдетте Ортамұхиттық жоталар өтеді. Олардың беткейлері абиссальды Мұхит қазаншұңқырларына ауысады. Орта мұхиттық жоталар ұзындығы 60 000 км болатын біртұтас жүйені құрайды. Жоталардың ені 1 000 км, абиссальды қазаншұңқырлардан 2,5 – 3 км жоғары тұрады. Олардың қырқасы су бетінен орта есеппен 2700 м тереңдікте өтеді. Жоталардың осьтік бөлігінде тереңдігі 1,5 км, ені 20 – 30 км болатын рифті аңғарлар байқалады. Абиссальды қазаншұңқырлардың ені 1000 км-ге жуық, тереңдігі 5 – 6 км болады. Пассивті шеткі белдем Жер қабығының континентті және мұхиттық шекарасын бойлай жатады; ол сейсмикалығы мен жанартаулық процестердің жоқтығымен сипатталады, континенттен әкелінген өте қалың (5 – 7 км) шөгінді қабаттардан тұрады. Активті шеттердің сейсмикалығы жоғары. Оған Мұхит табанын жанартаулық аралдық доғадан бөліп тұратын терең шұңғымалар (тереңд. 7 – 8 км) ұштасқан. Мұхит түбін негізгі екі геологиялық кешен құрайды: беті шөгінді қаптамамен жабылған базальтті және оған жақын магмалық жыныстардан тұратын іргетас жатыр. Мұхиттың геологиялық тарихын зерттеушілер Мұхитты бастапқы, өтпелі және қазіргі даму кезеңдеріне ажыратады. Геологияға дейінгі кезеңді (3,5 млрд. жыл бұрын) қамтыған гипотетик. Бастапқы сатысында жер қойнауынан негізгі су массасының шығуы, қышқыл өнімдердің газсыздануы және мұхит түбі жыныстарымен іс-әрекетке түсіп бейтараптануымен байланысты. Өтпелі кезеңнің ұзақтығы 2 млрд. жылды құрайды (3,5 – 1,7 млрд. жыл бұрын). Бұл кезеңде өмір пайда болып дамыды; фотосинтез нәтижесінде оттек бөлініп, мөлшері ұлғайды. Мұхит суының құрамы тұрақталып, тұздылығы шамалы ғана өзгеріске ұшырады. Қазіргі кезең бұдан 1,7 млрд. жыл бұрын басталып, әлі жалғасуда.
Гидрологиясы Мұхиттардың негізгі гидрологиялық сипаттамасына температура, тұздылық және ағыстың жылдамдығы жатады. Мұхит өте көп мөлшерде күн жылуы мен ылғалды жинақтаушы орасан зор аккумулятор. Мұхит бетінің 1 см қалыңдықтағы суына күн энергиясының 94% жұтылады. Осының нәтижесінде Жер бетіндегі температурасының шұғыл ауытқуы бәсеңдейді және шалғай жатқан аудандар ылғалданып, тіршіліктің дамуына қолайлы жағдай туады.
Температурасы Мұхиттың беткі суының жылдық орташа температурасы 17,5°С. Ашық Мұхитта температураның жоғарғы көрсеткіші экватор бойында (28°С), ең жоғарғы температура (34°С) тамыз айында Парсы шығанағында тіркелген. Құрлықтың әсерінен су температурасы солтүстік жарты шарда оңтүстік жарты шарға қарағанда жоғары болады, ал экватордан полюстерге қарай біртіндеп –1,5–1,9°С-қа төмендейді. 30° с. е. бойында қыста 17 – 18°С, жазда 25°С; 60° ендікте қыста 0°С-тан төмен, жазда 10°С, полюс маңындағы температура 1,9°С. Мұхит түбіндегі су температурасы 1,4 – 1,8°С, полюстік аймақтарда 0°С-тан төмен болады, ең суық температура –2°С (полюсте мұз астында).
Тұздылығы Судың химиялық сапасы, физикалық, химиялық қасиеті жағынан бірдей болғанымен оның гидрологиялық, геохимиялық режимі әртүрлі. Мұхит суы концентрациясы 35 г/л болатын тұз ерітіндісінен тұрады, сондықтан орташа тұздылығы S – 35,00‰, максимальды тұздылығы 39–42‰ (тропиктік теңіздерде). Тұз массасының құрамы құрлықтан келетін жауын-шашынмен, атмосферамен алмасу процесі және түпкі шөгінділермен, теңіз организмдерінің өмір сүру қабілетімен реттеліп отырады. Мұхитта барлығы 5·1022 г еріген тұз бар. Оның құрамында Na+, Mg2+, K+, Ca2+, Cl- иондары кездеседі. Мұхит суында атмосферадан келетін және су қабатында пайда болатын түрлі газдардың (О2, СО2 т.б.) ерітінділері де болады.
Мұхит суының химиялық құрамы + Мұхит суының химиялық құрамы (тұздылығы = 35) Құрамдас Концентрациясы (моль/кг) H2O 53.6 Cl- 0.546 Na+ 0.469 Mg2+ 0.0528 SO42- 0.0282 Ca2+ 0.0103 K+ 0.0102 CT 0.00206 Br- 0.000844 BT 0.000416 Sr2+ 0.000091 F- 0.000068 Тұздылықтың маусымдық ауытқуы 100–150 м тереңдікте байқалады. Мұхит суында тұздардан басқа еріген газдар да кездеседі: азот, оттек, көмірқышқылы, т.б. Мұхиттағы тіршіліктің дамуында атмосферадан өтетін және балдырлардың фотосинтезі кезінде түзілетін оттектің маңызы өте зор. Терең қабаттарда оттек мөлшері 2,5 – 3 мг/л-ге дейін кемиді, кейбір аудандарда 0-ге тең болады.
Су айналымы Мұхиттың 150 – 200 м тереңдіктегі су қабатының айналымы Мұхит бетіндегі басым желдерге тәуелді; ал одан төменгі қабатында тығыздығына байланысты болады. Су айналымының негізгі элементіне субтропиктік ендіктерде антициклондық айналым және жоғарғы ендіктерде циклондық айналым жатады. Оның орталық құрлықтардың батыс жағалауында орналасқан (Гольфстрим,Куросио ағыстары). Антарктикада беткі судың горизонталь жылдамдығы 5 – 10 см/с болатын қуатты циркумполюсті ағыс байқалады, ол теңіз түбіне дейін жетеді. Тереңдеген сайын ағыс жылдамдықтары кеми түседі (тек экватор маңындағы беткі қарсы ағыстан басқа).
Географиялық белдемділігі Температураның, тұздылықтың, химиялық элементтердің, органикалық дүниенің негізгі таралу заңдылықтары географиялық белдемдердің ауысу шекаралары маңында байқалады. Белдемдер арасындағы шекара, көбінесе, мұхиттық шеп түрінде айқын ажыратылады. Тереңдеген сайын (500 м-ден төмен) белдемдердің саны азайып, білінбей кетеді.
Түпкі шөгінділер Мұхит түбінде терригенді, биогенді, хемогенді, жанартаутекті және эдафогенді шөгінділер жинақталады. Шөгінділер климаттық, тік, циркумконтинентті және тектоникалық белдемділікпен тарайды. Мұхит түбінің беткі қабатының басым бөлігін (40%-ға дейін) биогенді шөгінділер жауып жатыр. Терригенді шөгінділерге 20%, терең сулы пелаг. саз 26%-ды құрайды, қалғаны – аралас шөгінділер. Терригенді шөгінділердің құрамы алюмосиликатты, сынықты, сынықты-сазды, сазды; ол теңіздерде және мұхиттың континентке таяу ауданында әртүрлі тереңдікте тараған. Биогенді әктасты және шақпақтасты шөгінділер қаңқа қалдықтарынан және планктонды, бентосты организмдердің қабыршағынан түзілген. Хемогенді шөгінділер ашық Мұхиттарда кездеседі, темір-марганецті конкрециялар мен қабықшалардан, смектитті, темірлі шөгінділерден тұрады. Жанартаутекті шөгінділер жер беті және су асты жанартау атқылауларының кесекті өнімдерінен түзілген; ол доғалдық аралдарда кең таралған. Эдафогенді түзілімдер тектоникалық өнімдердің уатылуынан және су түбіндегі байырғы таужыныстардың (базальтты, габброидты, т.б.) су асты шайылуынан пайда болған.Балалар Энциклопедиясы, 6 том.
Минералды ресурстары Мұхит суларында Д.Менделеев кестесінің 70-тен астам элементі еріген күйінде кездеседі; судың 1 км³-інде 36 млн. түрлі заттар бар. Мұхит қойнауында әр түрлі қатты, сұйық, газ тәрізді минералды шикізат қорлары, мұнай мен газ, сирек металдар, қалайы, алтын, алмас шашылымдары, темір-марганецті конкрециялар мен қабықшалар, сульфид, фосфорит және құрылыс материалдары алабы тараған. Мұнай мен газдың қоры 300 – 350 млрд.(қойнау қайраңында 184 млрд. ) деп болжанады. АҚШ жағалауы мен Мексика шығанағында, Солтүстік Парсы шығанағы және оңтүстік-Шығыс Азия, Баренц, Беринг теңіздерінің қайраңдары дүние жүзінің аса ірі мұнайлы-газды аудандары саналады. Мұхит мұнайын 40 шақты ел өндіріп, 40-тай ел барлау жұмыстарымен айналысуда. Теңіздегі элементтер (алтын, платина, алмас, касситерит, циркон, монацит, титан, ильменит, рутил, т.б.) жағалық қайраңда шөгінділердің толқындармен қарқынды шайылуынан қалыптасады. Индонезия, Таиланд, Малайзия жағалауларында қалайы, Аляска және солтүстік Американың Тынықмұхиттық жағалауында алтын, оңтүстік-Батыс Африка (Намибия) жағалауында құрамында алмас бар шөгінділер, сирек металды шашылымдар Австралия, Үндістан, Бразилия жағалауында кездеседі. Дүние жүзінің көптеген елдерінің жағалауларында құрылыс материалдары – құм, қиыршықтас, маржанды әктас, моллюскалар, бақалшақтар өндіріледі.
Органикалық дүниесі Тірі организмдер бүкіл Мұхит қабаттарында тіршілік етеді. Органикалық дүниесі бентос (түпкі тұрғындар), планктон (пассивті жүзушілер) және нектонға (активті жүзушілер) бөлінеді. Өсімдік дүниесінің 10 мың түрі бар, олар, негізінен, жарық жақсы түсетін 200 – 300 м тереңдіктегі қабаттарда таралған. Жануарлар дүниесі түрлерінің саны 150 мыңдай. Мұхитта планетадағы тіршілік иелерінің 4/5-і мекендейді. Түрлердің саны экваторлық аймақтан полюстерге және тереңдікке қарай кеми береді. Мұхит құрамында белок мөлшері көп азық-түлік өнімдерінің (балық, моллюскілер, бақалшақтар, сүт қоректілер, балдырлар, т.б.) маңызды көзі, ол адамдарға қажетті белоктың 20%-ын береді.