Гай Юлий Цезарь( ; б.з.б. 102/100, Рим — 15.3.44, сонда) — Ежелгі Римнің саяси қайраткері, қолбасшы, жазушы. Цезарь — патрицийлік Юлийлер әулетінің өкілі. Билеуші Сулланың тұсында Римді тастап, Кіші Азияға кетуге мәжбүр болды. Сулла қайтыс болғаннан кейін (б.з.б. 78 ж.) Римге қайта оралып, саяси күреске араласты.

Жаулап алулар және политика Б.з.б. 73 ж. әскери трибун болып сайланып, халық трибундарының құқықтарын қалпына келтіру, Сулла диктатурасы кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған марийшілерді ақтау жолындағы күреске белсене қатысты. Б.з.б. 68 ж. квестор, 65 ж. эдил болып сайланды. Цезарь көп шығынды қажет ететін ойын-сауықтар, театр қойылымдары, гладиаторлық шайқастар, қоғамдық түстік астар ұйымдастыру арқылы Рим азаматтарының арасында үлкен беделге ие болды. Б.з.б. 62 ж. претор, одан кейінгі екі жыл бойы Қиыр Испания провинциясының наместнигі болған кезінде мүлтіксіз әкімш. және әскери талантын танытты. Өзінің саяси жағдайын нығайту және консул сайлауында жеңіп шығуды қамтамасыз ету үшін неғұрлым ықпалды саяси қайраткерлер Г.Помпей және М.Красспен одақ жасасты. Бұл одақ 1-триумвират деп аталды. Б.з.б. 59 ж. консул болып сайланған ол бірқа-тар әлеум. мәселелерді шешу және мемл. құрылысты нығайту үшін кейбір заңдар қабылдады (соғыс ардагерлері мен үштен көп балалары бар отбасыларға — барлығы 20 мыңдай азаматқа Кампаниядан жер телімдері берілді; мемл. меншікті иеленушілердің мүддесі үшін салықтардың мөлшері үштен бірге азайтылды, т.б.). Консулдық қызметтің мерзімі біткеннен кейін легион жинап, Цизальпин, соңынан Нарбонн Галлиясы провинциясын басқарды. Б.з.б. 58 — 51 ж. галл жорықтарының барысында Белгикадан Аквитанияға дейінгі аралықтағы Альпінің арғы жағындағы Галлия түгелге дерлік жаулап алынды. Цезарь әскерінің саны 10 легионға дейін жетті. Соғыста жүргеніне қарамастан Ц. Римдегі саяси күреске шебер араласа білді. *Б.з.б. 53 ж. Красс қайтыс болып, триумвират ыдырады да жеке-дара билікке ұмтылған Ц. мен Помпей арасындағы қарым-қатынастар шиеленісіп кетті. Екі жақтың тартысы бірте-бірте дәстүрлі сенаттық респ. басқаруды жақтаушылар мен монархиялық тәртіпті аңсаушылар арасындағы саяси күреске ұласты. Помпей сенаттық республиканы жақтаушыларды, Цезарь олардың қарсыластарын басқарды. Помпей мен оның жақтастарын Илерда (б.з.б. 49 ж.), Фарсал (48), Тапс (46) және Мунда (45) түбінде талқандаған Цезарь Рим мемлекетінің басшысына айналды. Б.з.б. 44 ж. ол өмір бойғы цензура алды және оның бүкіл жарлықтарын сенат пен халық жиналысы алдын ала мақұлдап отырды. Өз қолына бүкіл билікті жинақтаған Цезарь іс жүзінде басқарудың римдік респ. формаларын сақтаған монархқа айналды. Цезарьдың құрметіне қойылған ескерткішке “Жартылай құдай” деп жазылды, ол әскери жеңістерге жеткен күндері қоғамдық мереке күндер болып жарияланды. Цезарьдың жеке дара билікті күшейтуге ұмтылуы респ. пиғылдағы ақсүйектер өкілдерінің ғана емес, оның бұрынғы жақтастарының да күшті наразылығына ұшырады. Нәтижесінде Г.Кассий мен М.Ю. Брутт бастаған 80-нен аса адам қатысқан қастандық ұйымдастырылып, сенат мәжілісі кезінде өлтірілді. center|thumb|800px|Гай Юлий Цезарьдің отбасылық ағаш Әдебиет Цезарь — жазушылықпен де айналысты. Оның екі шығармасы — “Галл соғысы жөніндегі жазбалар” мен “Азамат соғысы жөніндегі жазбалары” біздің заманға дейін келіп жетті. Бұл шығармаларға ойластырылған айқын композиция, қарапайым, түсінікті баяндау, кейіпкерлердің нақтылығы, жекелеген адамдар мен халықтарды (әсіресе, галлдарды) тәптіштеп сипаттау, көркем тіл тән. Цезарьдың біздің заманға дейін сақталмаған сөздері мен хаттарының жинақтары, екі памфлеті, бірнеше өлеңмен жазылған еңбектері, грамматика жөніндегі трактаты белгілі. 19 ғ-ға дейін Еуропаның әскерилері Ц-дың әскери өнерін оқып-үйренді. Наполеон Цезарьдің еңбектерін әрбір офицер білуге тиіс деп есептеді. Цезарь стратегиясына негізгі соққы бағытын дұрыс анықтай білу, қарсыластардың арасындағы алауыздықты пайдаланып, оларды жеке-жеке талқандау, батыл стратег. айла-әрекеттерді жүзеге асыру, жаяу әскер мен флоттың бірлескен қимылын ұйымдастыра білу тән болды."Қазақ Энциклопедиясы", 9 том

Дереккөздер

Санат:12 шілдеде туғандар Санат:Б. з. д. 100 жылы туғандар Санат:Римде туғандар Санат:15 наурызда қайтыс болғандар Санат:Б. з. д. 44 жылы қайтыс болғандар Санат:Римде қайтыс болғандар Санат:Ұлы понтификтер Санат:Б. з. д. I ғасырдағы Ежелгі Рим диктаторлары Санат:Б. з. д. I ғасырдағы Рим республикасы консулдары Санат:Юлий Цезарь Санат:Ежелгі Рим жазушылары Санат:Ежелгі Рим қолбасшылары Санат:Латын тарихшылары Санат:Латын шешендері Санат:Ежелгі Рим шешендері Санат:Ежелгі Рим тарихшылары Санат:Ежелгі Рим мемуаршылары Санат:Баықалнған монархтар Санат:Юлий-Клавдилер Санат:Юлий Цезарьлар Санат:Құдайдың комедиясы кейіпкерлері Санат:Саяси өлтіру құрбандары Санат:Нарбондық Галлия проконсулдары Санат:Цизальпілік Галлия проконсулдары Санат:Еңбектері біздің уақытымызға дейін жеткен антикалық жазушылар Санат:Суық қарудан қайтыс болғандар Санат:Галл соғысына қатысқан римдіктер