нобай Өскемен су электр станциясы–– су энергетикасы кәсіпорны. Өскемен қаласынан 10 км қашықтықта орналасқан. Құрылысы 1939 жылы басталды. 1952 жылы 21 желтоқсанда СЭС-тің алғашқы агрегаты өндірістік электр энергиясын берді. 1953 жылы 2-, 3-агрегаттары, 1959 жылы 4-агрегаты іске қосылып, станцияның қуаты 331,2 МВ-қа жетті. Су торабының құрамына ұзындығы 394 м, биіктігі 65 м темірбетонды тасбөгет пен шахта тұрпатты сыңар камералы бірегей қақпа кіреді. Тасбөгет тұрғызудан пайда болған бөгеннің ауданы 37 км², сыйымдығы 659 млн. м3. СЭС құрылысында тұңғыш рет судағы металл құралымдарды тазалаудың гидроқұмды құйылмалы әдісі және лак, бояумен қаптау, қарсы құрамдағы күшті қысымдағы құбырларды эпоксидті шайырлар негізінде тоттанудан қорғау технологиясы қолданылды.

Гидроторапты салу барысында «Иртышгэсстрой» тресі келесі көлемдегі жұмыстарды орындады: жұмсақ топырақты қазу – 837 мың м³, жартасты топырақты қазу – 804 мың м³, жұмсақ топырақтан үйінді жасау – 158 мың м³, тас төсемдер, дренаждар мен сүзгілер – 196 мың м³, бетон және темірбетон төсеу – 570 мың м³, металл конструкциялар мен механизмдерді монтаждау – 7210 тонна.

Гидроэлектр станциясының құрылысы кезінде алғаш рет М. В. Инюшин ұсынған, кейіннен кеңестік гидротехникалық құрылыста кеңінен қолданылған бірегей конструкциялы жүзбелі көпірдің көмегімен өзен арнасын жабу әдісі қолданылды.

1997–2017 жылдары ГЭС америкалық AES компаниясының концессиясында болды. Кейін станция Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне берілді. 2022 жылы станцияның меншік иесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қоры – «Самұрық-Қазына» АҚ болды.

Жаңғырту бағдарламасы Станцияның пайдалануға берілгеніне 60 жылдан астам уақыт болғандықтан, 2007 жылдан бастап жабдықтар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылды.

2011 жылы №4 гидроагрегаттағы генератор статоры мен қоздыру жүйесі ауыстырылды. 2013 жылы №1 гидроагрегаттың генераторы мен қоздыру жүйесі ауыстырылды. 2015 жылы №3 гидроагрегатты реконструкциялау жұмыстары аяқталып, гидрогенератор, қоздыру жүйесі және турбинаның жұмыс дөңгелегі ауыстырылды. 2017 жылы осындай жұмыстар №2 гидроагрегатта жүргізілді.

2018 жылы №2 және №3 гидроагрегаттардың техникалық параметрлері қайта қаралып, нәтижесінде станцияның қуаты 331,2 МВт-тан 355,6 МВт-қа дейін ұлғайтылды. 2021 жылы гидротурбинаның жұмыс дөңгелегі ауыстырылғаннан кейін №1 гидроагрегаттың қуаты арттырылып, станцияның жалпы қуаты 367,8 МВт-қа жетті.

Гидроагрегаттарды жаңғыртумен қатар күштік трансформаторлар мен генераторлық ажыратқыштар, қысымды су өткізгіштердің қоқыс ұстайтын торлары және апаттық-жөндеу ысырмалары ауыстырылды. Тарату құрылғысы реконструкцияланып, ажыратқыштар элегазды ажыратқыштарға ауыстырылды, сондай-ақ бас басқару қалқаны жаңартылды.

Дереккөздер

Санат:Су электр станцияларыСанат:Шығыс Қазақстан облысыСанат:Өскемен Санат:Өскемен кәсіпорындары