Фотометрия (астрономия) (грек тілінен photo — «жарық» және -metry — «өлшеу») — астрономиялық нысандар шығаратын жарық ағынын немесе жарық қарқындылығын өлшеуге арналған әдіс. Жарық телескоп арқылы фотометрдің көмегімен өлшенеді. Фотометр көбінесе CCD-фотометр немесе жарықты фотоэффект арқылы электр тогына айналдыратын фотоэлектрлік фотометр сияқты электрондық құрылғылардан тұрады. Белгілі қарқындылығы мен түсі бар стандартты жұлдыздарға (немесе басқа жарық көздеріне) қатысты калибрленген фотометрлер аспан денелерінің жарықтығын немесе көрінерлік жұлдыздық шамасын өлшей алады.

Фотометрияны жүргізу әдістері зерттелетін толқын ұзындығының аймағына байланысты болады. Қарапайым жағдайда фотометрия жарықты жинап, оны арнайы фотометриялық оптикалық өткізу сүзгілері арқылы өткізу және кейін жарық энергиясын жарыққа сезімтал құрылғы арқылы тіркеп, өлшеу арқылы жүзеге асырылады. Бақылау нәтижелерін дәл салыстыру үшін өткізу жолақтарының стандартты жиынтықтары қолданылады. Олар фотометриялық жүйе деп аталады .

Неғұрлым жетілдірілген әдіс — спектрофотометрия. Ол спектрофотометрдің көмегімен жүргізіледі және сәулеленудің мөлшерін ғана емес, оның спектрлік таралуын да егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік береді .

Фотометрия айнымалы жұлдыздарды бақылау үшін де қолданылады . Бұл мақсатта әртүрлі әдістер пайдаланылады. Солардың бірі — дифференциалды фотометрия, мұнда зерттелетін нысанның және жұлдыздар өрісіндегі оған жақын орналасқан жұлдыздардың жарықтығы бір мезгілде өлшенеді .

Салыстырмалы фотометрия кезінде зерттелетін нысанның жарықтығы жұлдыздық шамалары белгілі тұрақты жұлдыздардың жарықтығымен салыстырылады . Салыстырмалы фотометрияда бірнеше өткізу сүзгісін қолдану абсолюттік фотометрия деп аталады .

Жұлдыздық шаманың уақытқа байланысты өзгерісін график түрінде көрсету арқылы жарық қисығы алынады. Ол жұлдыз жарықтығының өзгеруіне себеп болатын физикалық үдерістер туралы маңызды ақпарат береді .

Жоғары дәлдікті фотоэлектрлік фотометрлер жұлдыз жарықтығын шамамен 0,001 жұлдыздық шамаға дейінгі дәлдікпен өлшей алады .

Беткі фотометрия әдісін планеталар, кометалар, тұмандықтар немесе галактикалар сияқты кеңейтілген аспан нысандарына да қолдануға болады. Бұл әдіс нысанның көрінерлік жұлдыздық шамасын бір шаршы бұрыштық секундқа шаққандағы жұлдыздық шама (mag/arcsec²) арқылы өлшейді . Нысанның ауданын және бүкіл астрономиялық нысан бойынша жарықтың орташа қарқындылығын білу оның беттік жарықтығын бір шаршы бұрыштық секундқа шаққандағы жұлдыздық шама түрінде анықтауға мүмкіндік береді. Ал кеңейтілген нысаннан түсетін жалпы жарықты интегралдау арқылы оның жалпы жұлдыздық шамасын, энергия шығаруын немесе аудан бірлігіне шаққандағы жарқырауын (luminosity) есептеуге болады. Әдістері Астрономия фотометрияның алғашқы қолданылған салаларының бірі болды. Қазіргі заманғы фотометрлер электромагниттік спектрдің ультракүлгін, көрінетін және инфрақызыл толқын ұзындықтарында жұмыс істейтін арнайы стандартты өткізу сүзгілерін қолданады .

Жарықты өткізу қасиеттері белгілі сүзгілердің кез келген қабылданған жиынтығы фотометриялық жүйе деп аталады. Мұндай жүйе жұлдыздар мен басқа да астрономиялық нысандардың белгілі бір қасиеттерін анықтауға мүмкіндік береді .

Фотометрияда бірнеше маңызды жүйе кеңінен қолданылады. Оларға UBV жүйесі (немесе кеңейтілген UBVRI жүйесі ), жақын инфрақызыл аймақта қолданылатын JHK жүйесі және Стрёмгреннің uvbyβ жүйесі жатады.

Тарихи тұрғыдан жақын-инфрақызыл аймақтан қысқа толқынды ультракүлгін аймаққа дейінгі фотометриялық өлшеулер фотоэлектрлік фотометр арқылы жүргізілді. Бұл құрал жарықты фотокөбейткіш түтік сияқты фотосезімтал элементке бағыттау арқылы жекелеген нысанның жарық қарқындылығын өлшейді. Қазіргі кезде олардың көпшілігін бір уақытта бірнеше нысанды бейнелеуге мүмкіндік беретін CCD камералары алмастырды. Дегенмен фотоэлектрлік фотометрлер кейбір арнайы жағдайларда әлі де қолданылады , мысалы, жоғары уақыттық ажыратымдылық қажет болған кезде.

Дереккөздер

Санат:Фотометрия Санат:Радиометрия